Әлем таныған — Абай

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ мен Түркістан облыстық сотының ұйымдастыруымен «Әлем таныған — Абай» сазды кеші өтті. Қазақтың Ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын атап өту мақсатында ұйымдастырылған шарада Ұлы Абай мұрасы кеңінен насихатталды.
Келелі жиынға Түркістан облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істері жөніндегі аппеляциялық сот алқасының төрағасы Түгел Бекбайұлы Бекімбетов, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Оқу ісі жөніндегі вице-президенті Өмірбек Үмбетов, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ профессоры, философия және теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай және облыстық сот саласының мамандары қатысты.

Бас қосудың алғы сөзінде Түркістан облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істері жөніндегі аппеляциялық сот алқасының төрағасы Түгел Бекбайұлы Бекімбетов:  — Абай есімі – қазақ халқының ұлттық санасының оянуы мен рухани қайта жаңғыруының, қоғамның озық күштерінің өркениеттілікке ұмтылысы мен әлеуметтік әділдіктің символы. Ол қазақ поэзиясының, халық даналығының барша жақсы тәжірибесін бойына сіңіре отырып, ұлттық поэзияны, өнерді, қоғамдық ойды байытты, жаңа сапалы биікке алып шықты. Тәуелсіз Қазақстан елі әлемдік өркениет көшіне жол тартқан тарихи кезеңде Хакім Абайдың асыл мұралары болашаққа жол бастап, темірқазық болып отыр. Артына өлмейтұғын сөз қалдырған ұлы ақынның шығармаларын кейінгі толқын көкірегіне тоқып, көңіліне шамшырақ етіп алары сөзсіз,- деді.

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Оқу ісі жөніндегі вице-президенті Өмірбек Үмбетов:

— Абай шығармаларын қолымнан тастамай жүрмін. Ұлы ақынның шығармалары менің қалыптасуыма, бой түзеуіме үлкен көмегін тигізді. Мен Абай өміріне сапар шегіп, оның туған жеріне бардым. Оның өмірімен сусындадым десем де болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыған орай Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын республикалық деңгейде тойлау туралы шешім қабылдағанын білеміз. Президент бастамасынан кейін Абай Құнанбайұлын ұлықтаудың жан-жақты дайындық жұмыстары басталып кетті. Бұл бастамаға Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ де өз үлестерін жан-жақты қосуда.

Өз кезегінде Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ профессоры, философия және теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай Абай мұрасының маңыздылығы жайлы баяндама жасады. Сонымен қатар, жиында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Абай және XXI ҒАСЫРДАҒЫ Қазақстан» атты мақаласына Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Рүстем Байсейіт шолу жасады. Сонымен қатар, «Саясаткер Абай», «Абай шығармашылығы», «Абайдың философиялық ойлары» тақырыптарында облыстық сот судьялары баяндамаларын оқыды.

Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ қызметкері Мұрат Нұрмахан Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін көрермендермен бірге айтты. Университетің Актерлық өнер факультетінің студенттері Ұлы ақынның қара сөзі мен өлеңдерін жатқа оқыды.