Ғасыр жасаған кітап – «Әдебиет танытқыш»

Түркология ғылыми-зерттеу институтының қолжазбалар қорында Ахмет Байтұрсынұлының араб әліпбиімен жазылған «Әдебиет танытқыш» кітабының көшірмесі сақтаулы. Автор кітаптың кіріспесінде «Көрнек өнерінің түрлері», «Сөз өнері», «Шығарма сөз», «Мазмұн туралы» тоқталады.
Бірінші бөлімінде «Тіл қиысы», «Сөз талғау», «Сөз дұрыстығы», «Тіл тазалығы», «Тіл (луғат) анықтығы», «Тіл дәлдігі», «Тіл көрнектілігі», «Теңеу», «Тіл (луғат) әуезділігі», «Сөз әуезділігі», «Сөйлеу әуезділігі», «Сөздің өнер болатын мәнісі», «Өлең шығару», «Өлең айшықтары», «Шумақ туралы», «Тармақ тұлғалары», «Өлең ағындары», «Тармақ кезеңдігі», «Тармақ ұйқастығы» қарастырылады.
Екінші бөлім тақырыптары: «Қара сөзбен дарынды сөз жүйесі», «Қара сөз», «Әуезе», «Әуезе түрлері», «Әліптеу тәртібі», «Әліптеу жоспары», «Байымдама», «Байымдама әдістері», «Сын», «Шешен сөз», «Шешен сөздің түрлері», «Дарынды сөз», «Әуезе», «Толғау», «Айтыс». Кітаптың «Ауыз әдебиеті» деп аталатын соңғы бөлімінде «Сауықтама», «Ғұрп сөзі», «Жазу әдебиет», «Діндар дәстүр», «Әуезе жыры», «Толғау түрлері», «Айтыс-тартыс», «Күліс» — фольклор жанрлары қамтылған.
Ғалымдар назарына іліккен «Әдебиет танытқыш» ұлт тіліндегі тұңғыш теориялық еңбек. Кітап көлемі 282 бет, төте жазумен жазылған. Кітап көшірмесін институт архивіне профессор Мекемтас Мырзахметұлы тапсырған. Мұндай құнды еңбектердің институт қорында кездесуі ғалымның 1995-97 жылдары институт директоры болып қызмет атқарған кезеңде институт қызметкерлері аудандар мен ауыл-аймаққа арнайы фольклорлық экспедициялар ұйымдастырып, ел ішіндегі шежіре жинаумен айналысатын белсенді азаматтарды жұмысқа тартып, қаржылай қолдау көрсетудің нәтижесінде жинақталған. Бүгінде институт қызметкерлері жинақтаған көне кітаптар мен қолжазбалардың мәтінін анықтап, бірнеше кітапты қамтитын қолжазбалар сипаттамасын дайындау үстінде.
Ғұмыры ғасырды жалғайтын «Әдебиет танытқыш» еңбегінің Түркология ғылыми-зерттеу институты қорындағы нұсқасы кейінгі жылдары жарық көрген жинақтармен салыстырмалы зерттеу жасаушыларға таптырмас құнды дереккөз болатыны сөзсіз.