Б.Абдрасиловтың университет ұжымына ҮНДЕУІ

Құрметті оқытушы-профессорлар мен қызметкерлер және студенттер!

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты ҚР Президенті Жарлығымен Елімізде төтенше жағдай енгізілді.
Жарлықта «Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылғы 16 наурыздағы 08 сағат 00 минут пен 2020 жылғы 15 сәуірдегі 07 сағат 00 минут кезеңінде төтенше жағдай енгізілсін» делінген.
Университетіміз ҚР Білім және ғылым министрлігінің 14.03.2020-ғы № 108 бұйрығы негізінде коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында 2020 жылғы 16 наурыз бен 5 сәуір аралығында барлық деңгейдегі (бакалавр, магистратура, докторантура, дайындық бөлімдері) оқу үдерісі қашықтықтан оқыту режиміне көшірілді.
Университетімізде қашықтықтан оқыту жүйесі осы уақытқа дейін бірнеше жылдан бері КазТЕП жүйесі арқылы жұмыс істеп келеді. Бүгінгі күні қашықтықтан оқыту жүйесінің барлық мүмкіндіктері тексерілді және жұмысқа қосылды.
Барлық пәндердің силлабустары, лекциялары, қажетті презентациялары арнайы PLATONUS, MOODLE ақпараттық жүйелеріне енгізілді. КазТЕП-тің автоматтандырылған MOODLE платформасы магистрлерді дайындаудағы эксперименттік бағдарламалары толық және өте жақсы дәрежеде сынақтан өткізілген болатын. Бұл ақпараттық жүйенің ауқымы кеңейтіліп, барлық факультеттер жүйеге интеграцияланды және сынақтан өткізілді. Барлық білім алушылар қолданыстағы PLATONUS паролі мен логинін қолдана отырып, оқу процессіндегі жүргізілетін пәндерді қашықтықтан онлайн және офлайн принципі арқылы сабақ кестесіне сәйкес оқып, меңгере алады. Оқытушылар және білім алушыларға жүйені қолдануға қатысты қажетті нұсқаулық материалдары таратылды. Оқу процессіндегі білімгерлердің апталық жетістігін оқытушылар PLATONUS жүйесіне енгізіп отырады. Осымен бірге, білім алушыларға және оқытушыларға видеолекция (вебинар) ұйымдастыру мақсатында ZOOM, MS365, Google, Яндекс, mail.ru және Қазақстанның Ұлттық ашық білім беру платформасын (mooks.kz) толық пайдалануға кеңес беремін.
Университетіміздің компьютерлік сыныптары толығымен іске қосулы, қажет болған жағдайда пайдалануға болады.
Университет ғимаратында, студенттік жатақханаларда үздіксіз интернет желісі іске қосылған.
16-наурыз бен 5-сәуір аралығында Университет кітапханасы тек электрондық ресурстармен қамтамасыз етеді. Университеттің http://lib.ayu.edu.kz/kz/home/ веб-сайтында оқу процессіне, ғылыми жұмыстарды жасауға пайдаланылатын 14 электрондық ресурс адресі көрсетілген, оқытушылар мен студенттердің қашықтықтан пайдалануына толық мүмкіндік жасалған.

Студенттік асханалар қалыпты режимде жұмыс істейді.
Университетімізде барлық санитарлық тазалық қатаң бақылауда. Қажетті залалсыздандыру заттары толығымен алынған.

Құрметті университет ұжымы, ұстаздар, қызметкерлер және студенттер!

Мемлекет үшін — адам денсаулығы оның негізгі байлығы, сонымен бірге, әрбір жеке адамның денсаулығы адам өміріндегі айтарлықтай орын алатын фактор болып табылады. Сол себепті, коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін алдын-алу шараларын қатаң сақтау қажеттігін ескерткім келеді.
Ең бастысы – жекелей сақтану, қоғамдық орындарға бармау, той және басқа да көпшілік қатысатын шараларға қатыспау. Сіздерден туыс-жақындарыңыз бен достарыңызға түсіндіру жұмыстарын жүргізуді де сұраймыз.
Сонымен қатар, төмендегі көрсетілген денсаулық сақтау ұйымының ескертпелерін естеріңізде сақтауда және оларды орындауда аса мұқияттылық танытуларыңыз қажет.

КОРОНАВИРУСТЫҢ СИМПТОМДАРЫ:

— Бастың ауыруы
— Мұрыннан су ағу
— Кеуде тұсының ауырсынуы
— Пневмония
— Безгек
— Дене қызуының көтерілуі
— Жүрек қағысының көтерілуі
— Тыныс алудың бұзылуы
Аталған симптомдар байқалған уақытта 103 номеріне жедел хабарласыңыз немесе 1406 номері бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін call-орталыққа хабарласыңыз.

АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛУ:

— антисептикалық сұйық сабынмен қолды жиі жуу;
— ауруды жұқтырған адаммен жақын байланыста болмау;
— ет пен жұмыртқаны жақсылап қуырып/қайта қайнатып пайдалану;
— мұрыннан су аққанда, жөтел кезінде қол орамал пайдалану;
— жабайы жануарлар мен малға жақындамау.
Сонымен қатар, әлемді дүрліктіріп отырған осы жағдайға байланысты әртүрлі жалған ақпараттарға елікпей, ең алдымен сабырлық пен байсалдылық танытуға шақырамын.
Сіздердің әрбіріңіздің дендеріңіздің саулығы — халықтың және ұлттың байлығы! Сондықтан, әрбір азамат өзін қорғау үшін қажетті шараларды жасауы тиіс.
Сіздерге осы індеттен аман болуды, дендеріңізге саулық, жанұяларыңызға жақсылық тілеймін!

Қожа Ахмет Ясауи атындағы
ХҚТУ Президенті Б.С. АБДРАСИЛОВ