Халықаралық ЖОО қашықтан қалай оқып жатыр?

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында оқу ордамыздың ректоры Б.С.Абдрасиловтың  сұхбаты жарияланды. Төтенше жағдайға байланысты университетіміздегі қашықтықтан оқыту барысы мен атқарылып жатқан жұмыстар жайында сөз қозғайды.
Елімізде төтенше жағдай жарияланған 16 наурыздан бастап колледждер мен жоғары оқу орындары қашықтан оқытуға көшкені белгілі. Отандық университеттер ішінде халықаралық деңгейдегі ЖОО да бар. Мұндай жағайда, яғни түрлі елде студенттері бар халықаралық университеттер қашықтан қалай оқытып жатыр?
Бұл сұраққа Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Болатбек Серікбайұлы жауап берді.
– Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының елімізде төтенше жағдай енгізу туралы Жарлығына байланысты оқу процесін толығымен қашықтан оқыту режіміне ауыстыруды өз уақытында әрі жоғары деңгейде ұйымдастырды. Бұған университетімізде соңғы 5 жылдан бері сәтті жұмыс жасайтын, әрі магистратура бағдарламасы бойынша толық аппробациядан өткен КазТЕП (Қазақ тілінде қашықтықтан білім беру) қашықтан оқыту жүйесі себеп болды. Бұл жүйе қашықтан оқыту бойынша Түркия тәжірибесі негізінде түркиялық мамандармен бірлесе құрылған. Осы ақпараттық жүйенің ауқымы кеңейтіліп, 14-16 наурыз күндері аралығында барлық факультеттер жүйеге интеграцияланды, – дейді ректор.
Оның айтуынша, қашықтан оқыту жүйесіне (https://dot.ayu.edu.kz/) офлайн дәріс жүргізу үшін MOODLE платформасы, ал онлайн вебинарлар үшін жүйесіне Zoom, Cisco Webex, BigBlueButton видеоконференция бағдарламалары «бір терезе» қағидасы негізінде интеграцияланған. Қосымша платформа ретінде Platonus және басқа да жүйелер (Google hangouts, YouTube, Whatsap т.б.) қолданыста бар.
– Қазіргі таңда 839 пән бойынша 1000 жуық оқытушы-профессор құрамы 9500 білім алушыға қашықтан білім беруде. Жүйеге жоғары технологиялық қолдау қамтамасыз ету мақсатында «бұлттық-cloud» технология қолданылды және 1-сәуір 2020ж. күніне бір уақытта орташа есеппен 6000 қолданушы жүйеде жұмыс жасауда. Университетте 19 елден 1404 шетел азаматы білім алады. Олардан төтенше жағдай жариялағаннан кейін елдеріне қайтқан 1042 студент Түркия, Болгария, Венгрия, Албания, Босния-Герцеговина, Косово, Әзірбайжан, Ресей секілді шет елдерден қашықтан еш кедергісіз (уақыт айырмашылығын ескермегенде) білім алып жатыр. Барлық пәндер бойынша электронды оқу-әдістемелік құралдары (силлабустары, лекциялары, қажетті презентациялары т.б.) жүйеге толық енгізілген. Университеттің кітапханасының электронды кітап қоры мен 24 оқу-ғылыми электронды ресурс базалары білім алушыларға 7/24 қолжетімді. Халықаралық университет ретінде әлемнің ең маңызды ғылыми метрикалық қорланың бірі- TUBITAK ULAKBIM (30 484 толық мәтінді ғылыми журнал, 87 млн. библиографиялық мәтін, 3341 стандарт және тб.) ресурстары білімгерлерге ұсынылды, – дейді Б.Серікбайұлы.
Ректордың мәлімдеуінше, білім алушылармен кері байланысты орнату мақсатында Call орталық жұмыс істейді. Сонымен қатар университет жатақханаларында қазір 382 (оның 362 –шетелдік) студент жеке оқшаулану шарттарында қашықтан білім алуда. Дәрістер жүйе арқылы бекітілген сабақ кестесіне сай жүргізілуде. Кампустар мен жатақханалар кең жиілікті интернет желісімен қамтылған (600- Мбит/с дейін).