Жас ақынымыз — мүшәйра жеңімпазы!

Өскемен қаласында өткен Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында және қазіргі қоғамдық ахуалда халық рухын көтеру мақсатында жарияланған «Өлең – сөздің патшасы» атты Республикалық онлайн мүшәйрасында оқу орнымыздың Филология факультетінің 2-курс студенті Дәурен Тілеухан жүлделі І орынды иеленіп, 700 мың теңге қаржылай сыйлықпен марапатталды.
Жас ақындардың Республикалық онлайн мүшәйрасына 18 бен 35 жас аралығындағы 130-дан астам ақын өздерінің өлеңдерін жолдаған. Қазақстанның барлық өңірлерінен қатысқан жыр бәйгесінің жеңімпазы, жас ақын Дәурен Тілеухан:
-Бұл онлайн-мүшәйра елдің бүгінгі ахуалына ақындардың айтар сөзін, халыққа демеу берер жырларын насихаттау мақсатында өтті. Ерекшелігі сол, бұрынғы үлкен әдеби байқаулар секілді емес, жағдайға байланысты бәрі онлайн түрде жүргізілді. Өзім өте қуаныштымын. Сыйлап, құрметтейтін Жанат Жаңқашұлы, Мерей Қарт, Мирас Асан ағаларым қатысты. Мен бұл жолы ағалардың алдын орап кеткен жоқпын, керісінше, сол ағалардың інілеріне деген ізетінің арқасында жастарға жақсы қолдау көрсетілді. Әділ қазылар да қазақтың маңдайалды ақындары. Жалпы, Абайдың кемеңгерлік, биік образын сомдап, оны жырмен көркемдеп өлең жазу өте ауыр. Жыр бәйгесінде өлеңдерім үлкен ақын аға-апалардан оң бағасын алғанына қуанып қалдым!- деп мүшәйра жайлы өз пікірімен бөлісті.
Қазақ поэзиясының әлемінде жұлдызың жарқырай берсін, алар асуың биік болсын, Дәурен!

Ақпарат орталығы