Университет ректоры оқытушы-профессорлар құрамымен онлайн кездесті

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Б.Абдрасилов 2020 жылдың 14 мамыр күні факультет декандары, кафедра меңгерушілері және оқытушы-профессорлар құрамымен онлайн-кездесу өткізді.

Кездесу барысында ОПҚ-ға алдағы аралық және қорытынды аттестацияны ұйымдастыруға қатысты университет Сенатында қабылданған шешімдер туралы ақпарат берілді. Оған қоса, емтихандарды жазбаша және ауызша түрде өткізу, прокторинг қолдану арқылы онлайн тест өткізу ерекшеліктері мен жобалар және дипломдық жұмыстарды қорғауға қатысты нақты мәселелер талқыланды. Университет ректоры оқытушылардың әр жеке пән бойынша стресс-тесттер өткізе отырып, емтихан түрінің ерекшеліктерін студенттерге түсіндіру жұмысын жүргізуі аса қажет екеніне баса назар аударды.

Сонымен қатар, кездесуде жаңа оқу жылына дайындық мәселесі талқыланды. Білім беру бағдарламаларына қатысты жұмыстарды жандандыруға, оларды мамандықтар бойынша «Атамекен» ҰКП тарапынан бекітілген кәсіби стандарттарға сай жетілдіру және Болон жүйесінің талаптарына сәйкестендіру мәселесіне мән беру керек екені айтылды. Сонымен қатар, ректор жұмыс берушілермен өзара байланысты арттыруға бағытталған шаралар мен түлектердің жұмысқа орналасуына қатысты мәселелерді шешудің маңыздылығын атап өтіп, түлектердің магистратура, резидентура және докторантураға түсіруге дайындау жұмыстарын қарқындату керек екенін айтты.

Жиынға қатысушыларға университеттің Қашықтықтан оқыту жүйесі мен оның инфрақұрылымын дамыту және жетілдіруге қатысты шешімдер таныстырылып, оқытушылар тарапынан контенттерді жақсарту жұмыстарын жүргізу мен онлайн режимде студенттермен жұмыс жүргізудің жаңа формаларын белсенді қолданудың маңыздылығына ерекше мән берілді.

Университет ғалымдарының ғылыми зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруына қатысты мәселелер талқыланды. ҚР БҒМ Ғылым комитеті тарапынан ағымдағы жылда жарияланған ғылыми-зерттеу конкурстарына қатысу үшін өтінімдер беру барысында ғалымдарға тиісті көмек көрсету жұмыстарын ұйымдастырудың қажеттілігі айтылды. Оқытушы-профессор құрымының Scopus  және WoS базаларындағы ғылыми жарияланым белсенділігіне қатысты нақты проблемалар талқыланып, осы бағытта ғалымдарды ынталандыру жолдары да қарастырылды.

Кездесу барысында жемқорлықпен күрес заңдылықтарын бұлжытпай орындау, емтихан барысында академиялық адалдық қағидаларын қамтамасыз ету және қашықтықтан емтихан өткізу үдерісін ұйымдастыру барысында әдеп іс-қылық нормаларын сақтау мәселелері де талқыланды.

Жиынға 500 жуық университет оқытушы–профессор құрамы қатысты.