Университет жастары «Болашақ» бағдарламасындағы өзгертулермен танысты

2020 жылдың 28 мамырында  Қазақстан Республикасы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Президенті Айнұр Бағдатқызы Кәрібозова Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің жастарына арнап «Болашақ» бағдарламасының іске асырылуындағы өзгерістер» тақырыбында онлайн-конференция өткізді. Конференцияға университет ректоры Болатбек Абдрасилов, оқытушы-профессорлар құрамы мен  студенттер қатысты.
— «Болашақ» бағдарламасымен 27 жылда еліміздің жастары түрлі салалар бойынша білім алып, қызмет етіп жүр. Бұл бағдарлама мақсатына жетті деп айтуға болады. Біздің университеттен 8 түлек, ал Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 95 білімгер «Болашақтың» түлегі», – деп бағдарлама тарихына шолу жасаған Болатбек Серікбайұлы, осындай кездесуді ұйымдастарып отырған «Халықаралық бағдарламалар орталығы» қызметкерлеріне алғысын білдірді
Онлайн-конференция барысында «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлерді іріктеу ережелеріне енгізілген түзетулердің негізгі тармақтары айтылды.
Тікелей эфирдегі кездесу нәтижесінде ғылыми және кәсіптік тағылымдамадан өту бағдарламалары, талапкерлердің жас шектеулері, оқу аяқталғаннан кейінгі еңбек қызметі туралы, сондай-ақ бағдарламаға қатысу үшін құжаттарды қабылдау мерзімдері туралы сұрақтар қойылды. Айнур Бағдатқызы қатысушылардың барлық сұрақтарына жауап берді.
Айта кетейік, «Болашақ» халықаралық стипендиясы Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 5 қарашадағы №1394 қаулысымен бекітілген. Бағдарлама бойынша 26 жыл ішінде 13 870 стипендия тағайындалып, оның ішінде түрлі салаларда 10 747 маман оқыған.