«Ыдыстар сөйлейді» тақырыбында онлайн-семинар өтті

Оқу орнымыздың Археология ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Маралбек Амантуров «Ыдыстар сөйлейді» тақырыбында онлайн-семинар ұйымдастырды. Ғылыми семинарға ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері, кафедра оқытушылары, магистранттар және студенттер қатысты.
Археология ғылыми-зерттеу институтының ғылыми бағытына сәйкес ұйымдастырылған онлайн-семинардың мақсаты — археологиялық зерттеу барысында табылған қыштан жасалған ыдыстардың типологиялық классификациясын, жасалу технологиясын, таралу аймаған анықтау және ғылыми талқыға салу, таныстыру. Семинар барысында М.Амантуров қыш ыдыстардың шығу тарихымен қатар ыдыс түрлерінің атауларын баяндады. Сонымен қатар кейбір қыш ыдыстардың жасалынуы мен қазіргі тандыр жасау технологиясының өзгеріске ұшырамай әлі күнге дейін бір технологиямен жасалынып жатқандығын атап көрсетті. Ыдыс жасау технологиясында қолданылған аспап түрлерінің де әлі күнге дейін өзгеріске ұшырамағандығын дәлелдеді. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған қыш ыдыстардың камералдық өңдеу жұмыстары барысында қолданылатын әдіс тәсілдерді баяндады. Сонымен қатар, қыш ыдыстарды қайта қалпына келтіру, желімдеу және сызбасын сызу әдістерінің методикасын семинар барысында түсіндіріп өтті.
Онлайн-семинарға қатысушылар өз пікірлерімен бөлісіп, тақырыпқа қатысты сұрақтар қойды. Семинарды қорытындылаған Археология ғылыми-зерттеу институтының директоры т.ғ.к., профессор К.М.Жетібаев баяндамашы М.Амантуров пен қатысушыларға өз алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта да өңіріміздің тарихы мен қазба жұмыстарын нәтижелерімен бөлісетін жиындар жалғасын табатындығын айтты.

Ақпарат орталығы