«Таза сессия» акциясы өтті

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Таза сессия» акциясы өтті. Жиынның мақсаты — емтиханның ашықтығын қамтамасыз ету және жоғары білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу, сондай-ақ студенттер мен оқытушылар арасында адалдық құндылығын кеңінен насихаттау.
«Таза сессия» акциясына университетіміздің Әлеуметтік қолдау және тәрбие істері жөніндегі вице-президенті Әміреқұл Абуов, «Рухани жаңғыру» және тәрбие департаментінің директоры Ләззат Динашева, Академиялық мәселелер бойынша департамент директоры Талғат Ниязов және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай, сондай-ақ «Түркістан — Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Ерұлан Тұңғышбаев, «Jas Otan» Жастар қанатының өкілдері қатысты. Кездесу барысында Әміреқұл Абуов оқу орнымыздағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Кездесу барысында университет ғимаратында қойылған сенім жәшіктерін ашып, арнайы ситуациялық және студенттерге қызмет көрсету орталығы мен емтихан сұрақтарын өлшеу және бағалау бөлімі, қашықтықтан оқыту бойынша құрылған Call байланыс орталығының жұмыстарымен танысты. Университетіміздің Академиялық мәселелер бойынша департамент директоры Талғат Ниязов барлық онлайн емтихандар moodle (dot.ayu.edu.kz) платформасында және Zoom, Webex Meetings, Microsoft Teams қосымшалары арқылы өтіп жатқандығын және бейнебақылау арқылы қадағаланып, сессияның өту барысына прокторинг жасайтын арнайы жұмыс тобы құрылғандығын айтты. Сондай-ақ, Парасаттылық орталығы мен арнайы бекітілген мамандар онлайн емтиханның өту барысын жіті қадағалап отыратындығын жеткізді.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай:

– Бүгін, біз,  Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Таза сессия» акциясы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарымен таныстық. Көңіл толады. Өйткені, оқу орны қазіргі карантин жағдайына байланысты онлайн форматтағы емтихандарын жоғары деңгейде және жүйелі ұйымдастырған — деп атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.
Жиын соңында Әміреқұл Абуов университетте Агенттікпен бірлесіп қолға алынған бірқатар жобаның нәтижесіне тоқталып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатындығын жеткізді.

Ақпарат орталығы