Түркология Конгресінің мақалалар жинағы электронды кітап болып жарыққа шықты

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Мармара университеті және Стамбул университеттерінің ұйымдастыруымен Түркияның Стамбул қаласында өткен «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» деп аталатын VIII Халықаралық Түркология Конгресінің мақалалар жинағы электронды кітап болып жарыққа шықты. Кітап Түркия Республикасының Ұлттық кітапханасында электронды кітаптар бөлімінде (ISBN: 978-9944-237-80-2 İnceleme Araştırma Dizisi: 66 /Зерттеу сериясы: 66) тіркелді. Ғалымдардың түркі халықтарының рухани құндылықтары, дүниетанымы, тарихы, тілі мен әдебиеті, мәдениеті, өнеріне қатысты ғылыми-зерттеулерінде түркі халықтарының әлемдік өркениеттегі орны мен үлесі туралы ауқымды мәселелер қозғалған. Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Ресей және Түркия түркологтарының Түркі өркениетіне қатысты зерттеулері топтастырылған бұл жинақ түркітанушы ғалымдар мен ізденушілерге арналған.

Түркология ғылыми-зерттеу институты