Сығанақ-ежелгі астана

Сығанақ қаласындағы 2020 жылғы жаңа археологиялық қазба экспедициясы басталды. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Археология ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Сығанақ қалашығында жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде  ашылған архитектуралық құрылыс, қорғаныс жүйесі мен ғимараттар, кесенелермен таныстырды.

Маңызды жиынға Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ басшылығы, ғалымдар, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты. Қазақ хандығының жауһары — алғашқы астанасы болған Сығанақ қаласының тарихтағы орны ерекше. Үш бірдей Хандықтың орталығы болған Сығанақтың әлі де  ел білмейтін сырлары көп. Жиында келешекте ашық аспан асты мұражайы негізінде осы өңірдің көптеген тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғауға алатын, онда зерттеулер жүргізетін Республикалық археологиялық қорық мұражайы ашылуы жайында атқарылған жұмыстар талқыланды.

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ президенті Болатбек Абдрасилов оқу орнымыздың  Археология институты экспедициясы Сығанақ қалашығындағы  биылғы жылға жоспарланған зерттеу жұмыстарының басталып жатқандығын, бұл археология экспедициясының жұмысы өте маңызды екендігін атап өтті. Сығанақ қалашығындағы барлық  археологиялық қазба жұмыстары Қызылорда облыс әкімдігінің қаржыландыруымен жүзеге асып жатқандығын айтып, Қызылорда облысы әкімдігіне  алғысын білдірді.
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ президенті Болатбек Абдрасилов:
-Биыл Қазақ хандығының 555 жылдығы. Сығанақ қалашығы қазақ халқы үшін  құнды қазына. Бұл қала тоғыз жылдың торабында орналасқан өте үлкен қалалардың бірі. Оқу ордамыз 2003 жылдан бастап осы қаланың тарихын ашуға жұмыс істеп келе жатыр. Біздің университетіміздің мүмкіндігі жоғары. Біздің археологтар халықаралық деңгейдегі білімді, білікті мамандар. Сығанақ қаласының  тарихының ашылуына Түркия тарапынан да қолдау көрсетіліп жатыр.
Сығанақ қалашығы бүгінде ЮНЕСКО-ның алдын-ала тізіміне және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Республикамыздың «жалпыұлттық қасиетті нысандары» тізіміне енген. Қала өз тарихында бірнеше этносаяси бірлестіктерге кіріп,  ірі саяси, сауда, рухани орталығы болған, оның ғұмыры сонау алғашқы ортағасырдан басталған. Қаланың пайда болуы, дамуы, гүлденуі мен күйреуі кезендері жайлы мәліметтерді айқындау қажеттілігі өзектілігін жойған жоқ.
Оқу орнымыздың вице-президенті Әміреқұл Абуов қазба жұмыстарының нәтижесінде қалашықтың орталығындағы мешіт және қалашықтың сыртқы жағындағы 4 кесене ашылғандығын, келешекте осы жұмыстарымыздың нәтижесінде туристердің шоғырланатын жері болатынын жеткізді.  Сонымен қатар, ғалымдарымыз Сығанақтан, Йүгінекиден, Шорнақтан, Қарнақтан шыққан ғұламаларымыздың еңбектерінің қолжазбаларын зерттеу үстінде екендігін жеткізді.
Археология ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Мэлс Бақтыбаев алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың нәтижесіне тоқталды. Ақ Орда мен Қазақ хандығына кең ауқымды археологиялық-тарихи экскурсия жасалатынын, Сығанақ қалашығында ашық аспан асты музей қорығы  ашылады және жаңа деректер ғылыми айналымға енетіндігін атап өтті. Сонымен қатар, Сығанақ қалашығын қорғауға байланысты нақтылы ұсыныстар беріліп, зерттеу барысында ашылған кешендердің консервациясы туралы ұсыныс берілетіндігін жеткізді. Сығанақ қаласының тарихын зерттеу барысында табылған заттай деректер жергілікті, облыстық тарихи-өлкетану музейлерінің қорын толықтырады және  туризмді дамыту, мектептер мен университеттерге оқулықтар мен оқу құралдарын дайындау үшін пайдаланылатын болады.

Ақпарат орталығы