Университет кітапханасы карантин кезінде қалай жұмыс істеді?

Түркиядағы ANKOS кітапханалар консорциумының ұйымдастыруымен  «Кітапханашылардың пандемия кезіндегі көзқарастары» атты Халықаралық онлайн-вебинар өтті.  

Онлайн жиынға Қазақстан, Македония, Әзірбайжан, Австралия, Германия және Түркияның жоғары оқу орындары кітапханаларының өкілдері қатысып,  кітапханашылар карантин кезінде оқырмандарға қалай қызмет көрсеткені жөнінде тәжірибелерімен бөлісті. Онлайн вебинарда университетіміздің Ақпараттық ресурстық орталығының басшысы М.Абсеметова «Университет кітапханасы COVID-19 кезеңінде» тақырыбында баяндама жасап, кітапханада төтенше жағдай кезінде университетіміздің оқытушылары мен студенттеріне http://library.ayu.edu.kz веб-сайтындағы оқу процесіне қажетті pdf форматтағы электронды оқулықтарды қашықтықтан пайдалануына және Rmeb электронды кітапханасын http://rmebrk.kz/social/login жыл бойы тегін пайдалануға толық мүмкіндік жасалғандығын атап өтті. Сонымен қатар, оқу жылының аяқталуына байланысты кітапханаға кітаптарды байланыссыз қайтару бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Пайдаланушылар кітап өткізуде кітапхананың http://lib.ayu.edu.kz сайтында берілген «Университет кітапханасы COVID-19 кезеңінде» сілтемесі бойынша алдын-ала жазылу арқылы жүзеге асырады. Кітапханада кітаптарды қабылдауға арналған арнайы қабылдау пункті ұйымдастырылған. Пайдаланушы кітапты қайтару парағын толтырып, кітаптарын кітапханада арнайы ашылған пункте қойылған қорапқа салып кетеді. Қабылданған кітаптар қайтарылған күні көрсетіле отырып, 10-14 күнге дейін оқшауланған бөлмеде қалдырылады. Пайдаланушылардан кітаптарды қабылдау кезінде қолданылатын құралдар мен RFID жабдықтарын дезинфекциялау жұмыс күні ішінде сағат сайын жүргізілетіндігін жеткізді.
Онлайн-вебинарға қатысушылар өз елдеріндегі карантин кезіндегі кітапханада атқарылған жұмыстар бойынша ұсыныс-пікірлерімен бөлісіп, тәжірибе алмасты.

Ақпарат орталығы