Университет Клиника-диагностикалық орталығын дамыту — басты бағыттардың бірі!

2020 жылдың 6 тамызында Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ клиника-диагностикалық орталығын дамытуға арналған онлайн конференция өтті. Онлайн конференцияға университетіміздің Өкілетті Кеңес төрағасы профессор Мухиттин Шимшек, университет президенті Б.Абдрасилов, I вице-президент Женгиз Томар және клиника-диагностикалық орталығының дәрігерлері мен қызметкерлері қатысты. Жиында Клиниканың материалдық-техникалық базасын жақсарту, жаңа медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету, жоғары білікті кадрларды даярлау және клиника жұмысында Түркия тәжірибесін қолдану бойынша мәселелер талқыланып, пікір алмасты.
Онлайн конференцияда Өкілетті Кеңес төрағасы профессор Мухиттин Шимшек Түркия Республикасының Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қожамен кездесіп, ХҚТУ клиникасының потенциалын арттыруға көмек көрсету мәселелерін талқылағандығын жеткізді. Түркия Республикасының министрлігі медициналық орталықты облысымыздағы жоғары білікті мамандар қызмет ететін, ең жаңа заманауи технологиялармен жабдықталған медициналық мекемеге айналдыру үшін барлық қажетті көмекті көрсететіндігін атап өтті.
Университет президенті Болатбек Абдрасилов клиника-диагностикалық орталықтың жаңа бағытта дамуы — оқу орнымыздың басым бағыттарының бірі екендігін атап өтті. Түркиялық әріптестерімізбен бірлесіп, осы мәселелер бойынша жұмыс істеуге дайын екендігін жеткізді.
Онлайн конференцияның екінші бөлімінде Түркияның Денсаулық сақтау министрлігінің пандемиямен күрес жөніндегі Ғылыми кеңесінің мүшесі, профессор Режеп Өзтүрік Түркиядағы COVID-19 пандемиясына қарсы атқарылып жатқан жұмыстарының тәжірибелерімен таныстырды. Сонымен қатар, коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды емдеуге арналған Түркиядағы Favipiravir, Lopinavir препараттарын қолданудың тәжірибесімен бөлісті. Клиника қызметкерлерімен бірге жұқпалы ауруханаларда және провизорлық орталықтарда жұмыс істейтін қызметкерлерді қорғау, вирустың алдын-алу мәселелері, сонымен қатар, ауруханаларды індеттің екінші толқынына дайындау, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Конференция коронавирус инфекциясы мен пневмониямен ауыратын науқастарды емдеудің практикалық мәселелері бойынша пікір алмасумен қорытындыланды.

Ақпарат орталығы

Напишите свой вопрос

 

×