Абай мұрасы жайында қазақ-түрік ғалымдары бірлескен онлайн-семинар

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Түркология ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырған Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай қазақ-түрік ғалымдарымен бірлескен онлайн-семинар өтті. Ғылыми семинардың модераторы профессор, доктор Женгиз Томар семинардың маңызы жайында сөз қозғап түркі жұртына ортақ тұлғаға айналған Абай мұрасы жайында айтылатын пікір мен зерттеулердің құндылығы күн өткен сайын арта түскенін жеткізді. Ғалымдардың басын біріктірген кең көлемді семинарда Ахмет Ясауи университетінің Өкілетті Кеңес төрағасы Мухитдин Шимшек, Анкарадағы Қазақстан Республикасының Елшісі Абзал Сапарбекұлы, ТҮРКСОЙ-дың Бас Хатшысы Д. Қасейінов, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті Б. Абдрасилов құттықтау сөз сөйлеп, Абай мұрасының өміршеңдігі мәңгі екенін, таусылмайтын рухани азық, құнарлы нәр, асыл қазына екенін жеткізді. Бұл шараға қатысушылар Абайтанушы ғалымдар болғандықтан маңызды тұжырымдар мен концепциялар күтуге болатынын айтып, ғалымдарға сәттілік тіледі.
Түркі халықтары мәдениетінің бірлігі ретінде Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі, Қазақстан мен Түркия мәдениет министрліктері, ТҮРКСОЙ ұйымы бірлесіп ұйымдастырған Абай әндерінің концертінен үзінді көрсетіліп, Абайдың «Көзімнің қарасы» әні шырқалды.
Онлайн-семинардың келесі бөлігі Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Булент Байрамның модераторлығымен ғылыми баяндамаға жалғасты. Ғылыми шарада «Абай Құнанбайұлының өнерге көзқарасы» атты баяндамасымен Памуккале университетінің ғалымы, профессор, доктор Нергис Бирай, «Абай философиясындағы жан мен тән категориялары» тақырыбында Шәкәрім атындағы Семей университетінің ғалымы, профессор Қ.Әубәкір, «Екі ақын әкенің болашаққа деген көзқарасы: Фикрет пен Халук, Абай мен Әбдірахман» тақырыбында Анкарадағы Қажы Байрам Вели университетінің ғалымы доцент Джамила Кнаджы, «Абайдың әдеби мектебі» тақырыбында Шәкәрім атындағы Семей университетінің доценті Ж.Әубәкір, «Абай философиясындағы толық адам» тақырыбында Мугла Сыткы Кочман университетінің доценті Екрем Аян ғылыми зерттеулерімен бөлісті.
Абай мұрасы арқылы қазақтың әдебиетін, мәдениетін, тарихын, философиясын, сондай-ақ қазақ халқының құндылықтарын насихаттауға бағытталған семинар соңы түрлі сұрақтар, ой-толғаныстармен қорытындыланды.

Түркология ғылыми-зерттеу институты

Напишите свой вопрос

 

×