III Халықаралық Қожа Ахмет Ясауи симпозиумы басталды

Бүгін, 11 қараша күні Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Түркия Республикасының Гази университеті бірлесіп ұйымдастырған  III Халықаралық Қожа Ахмет Ясауи симпозиумы онлайн режимде басталды.
Маңызды жиынға Өкілетті Кеңес төрағасы профессор, доктор Мухитдин Шимшек, Гази университетінің ректоры Мұса Йылдыз, оқу орнымыздың президенті Болатбек Абдрасилов және I вице-президент Женгиз Томар бастаған университет ұжымы, Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қызғызстан, Түркіменстан, Әзірбайжаннан ғалымдар қатысты. Онлайн шара Қожа Ахмет Ясауи мұраларының түркі халықтары тарихындағы орны мен философиялық көзқарастары, шығармаларының тілдік жағынан зерттелуі мәселелеріне арналды. Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи хикметтеріндегі нақыл сөздердің заманауи білім беру жүйесінде қолданысы пен педагогикада пайдалану жолдары талқыланды. Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеуде университетіміздің Ахмет Ясауи атындағы «Дінтану» ғылыми-зерттеу, талдау-сараптамалық және әдістемелік орталығының орны ерекше. Ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Ясауитану бойынша іргелі зерттеулер, яғни Ясауи мәдениеті мен тарихы, іліміне қатысты шығармаларды аудару және баспаға дайындау жұмыстарын жүргізеді. Орталық Түркістан облысы әкімшілігімен бірлесіп «Қ.А.Ясауи антологиясын» жарыққа шығарды.
Бүгінгі жиында Қожа Ахмет Ясауи мұраларының түркі халықтары өркениетіндегі орны мен зерттелу мәселелері, шығармашылығының тілдік құрылысы зерделеніп, өзекті мәселелер сарапталып, талданатын болады. Онлайн режимде ұйымдастырылған III Халықаралық Қожа Ахмет Ясауи симпозиумы екі күнге жалғасады.

Ақпарат орталығы

Напишите свой вопрос

 

×