QS WORLD UNIVERSITY RANKINGS ASIA-2024: УНИВЕРСИТЕТІМІЗ ТОП-200 ҚАТАРЫНДА
СҮЙІНШІ ЖАҢАЛЫҚ!
Университетіміз жаһандық зерттеулерге негізделген Quacquarelli Symonds (QS): Asia University Rankings компаниясы әзірлеген рейтингте едәуір алға жылжып, ТОП-200 оқу орны қатарына енді.
Бүкіл Азия бойынша бұл жылғы рейтингте оқу ордамыз 984 университеттің ішінде 193-ші орынды иеленді. Осылайша, әлемнің ең ірі және қарқынды дамып келе жатқан үздік 200 жоғары оқу орнының қатарына енді.
Сондай-ақ, университетіміз Орталық Азия рейтингінде 35 оқу орнының ішінде 9-шы орынға ие болды.
Бұл жетістіктер білім ордамыздың академиялық шеберлікке деген адалдығын және оның аймақтағы өсіп келе жатқан беделін көрсетеді.
Айта кетейік, рейтингте қарастырылған негізгі критерийлер: Академиялық бедел, Ғылыми жарияланымдарға сілтеме, Оқытушы мен студент қатынасы, Мансаптық әлеует, Шетелдік оқытушылар мен студенттер саны.
Сонымен қатар 2023 жылдан бастап Quacquarelli Symonds (QS) агенттігі тарапынан әдістемелік қайта жүргізіліп, «Тұрақты даму», «Жұмыспен қамту нәтижелері» және «Халықаралық зерттеу желісі» көрсеткіштері енгізілді.
Оқу орнымыз болашақта білім беру қызметтерінің сапасын арттыруға ұмтылады. Бұған қоса, шетелдік студенттерді тартуға, барлық студенттерге қолайлы жағдай жасауға және әлемнің жетекші университеттерімен ғылыми-зерттеу бастамалары бойынша ынтымақтастық орнатуға баса назар аударады.
Ортақ мақсат пен мүдде аясында күш-жігерімізді біріктіре отырып, бұдан да жоғары жетістіктерге жете алатынымызға сенеміз! Университетіміздің алар асулары мен бағындырар белестері көп болсын!