ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
Кездесуге Түркістан облысы прокурорының орынбасары Саян Келдібеков пен Түркістан қаласының прокуроры Каукен Нәрікбаев, Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов пен қалалық құзырлы органдардың басшылары мен студенттер қатысты.
Жиында Түркістан облысы прокурорының орынбасары Саян Келдібеков жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы тың ақпараттар берді. Сонымен қатар, жастарға қылмыстың өтеуі жаза екенін жете түсіндірді. Қоғамдағы тыныштықты сақтап, заң бұзушылыққа жол бермеу әр азаматтын парызы екенін баса айтты.
Ал, Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов жас буынға ақылын айтып, бағыт-бағдар берді. Ол: «Елдің болашағы – жастар! Кез-келген мемлекет жастарын тәрбиелеуге, әсіресе патриоттық тәрбие беруге ұмтылады. Онсыз мемлекеттің өмір сүріп, өркендеуі қиынға соғады. Ол біздің елімізге де қатысты. Еліміздің болашағы – сіздер! Жас буын біз секілді үлкен буынмен, аға буынмен жиі-жиі кездесіп, бірлесіп ой алмасып, кемшіл тұсты айтып тұрғаны дұрыс.
Тәртіп пен заңға бағынбай демократия болмайды. Барлық азамат заңға бағынып, сыйлауы тиіс. Заңның әр бөлімін білуі қажет. Ал,Түркістанның жастары барлық жасқа үлгі болуы керек»,-деді.
Сонымен қатар, іс-шарада есірткі қылмысының алдын алу шаралары туралы айтылды. Жастардың алаяқтар мен есірткіге байланысты қылмыстық топтарға алданбауы, заңсыз істермен айналыспауы жайлы ақпарат берілді. Оңай әрі жеңіл жолмен ақша табу, заңсыз, күдікті жеткізу қызметтері сияқты т.б. жалған жұмыс берушілердің жарнамасына алданбау керектігі түсіндірілді.
Кездесу соңында студенттер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды.