YASAWI WINTER SCHOOL: ҒЫЛЫМ АПТАЛЫҒЫ БАСТАЛДЫ
Жиын модератор Ғылым және стратегиялық даму вице-ректоры Айнаш Ошибаеваның апталықтың мақсаты мен бағдарламасын таныстыру баяндамасымен басталды.
Апталықтың мақсаты – университетте орындалатын ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағытын Тұрақты даму мақсаттары аясында айқындау, ғылыми этикалық мәселелерді талқылау, ғылыми жобаны әзірлеудің әдістемесін талдау, алдыңғы қатарлы ғылыми-зерттеушілік тәжірибелерді ұсыну арқылы оқытушы профессор құрамы мен ғылыми қызметкерлерінің ғылыми-зерттеу құзыреттерін арттыру және жетілдіру.
Ашылу салтанатында университет ректоры Жанар Темірбекова: «Бүгін бастау алған Ғылым апталығы қызықты өткелі тұр. Дайындалған бағдарлама кестесіне қарап, қызығушылық танытып келген әріптестерімізге алғыс білдіреміз!
Университет – белгілі бір дәрежеде ғылыми зерттеулер жүргізілген, осы бағытта нақты жүйе қалыптасқан орталық. Оқу орындарында тұрақты жүйе болуы тиіс. Ол жүйенің негізі – академиялық мәдениет пен академиялық дәстүр. Осыған баса назар аударуымыз қажет. Жыл сайын қысқы мектепті өткізудегі мақсатымыз – академиялық-ғылыми зерттеу мәдениетін қалыптастыру. Ал, ғылыми зерттеу жүргізу үшін ресурс, қаржы керек. Осы тұста, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Қазіргі таңда оқу ордамызда жалпы құны – 7 миллиардтан теңгеден асатын, 40-қа жуық жоба бар. Жаңа жобалардың конкурсына 30-ға жуық өтінім түскен. Бұл көрсеткіштеріміздің жыл өткен сайын артып келе жатқанын дәлелдейді. Мұндай нәтижелерге жетуімізге Ғылым апталығының да өзіндік пайдасы бар деп ойлаймыз»,-деді.
Келесі кезекте, ректор өкілі м.а Нажи Генч: «Ректорымыз атап өткендей, әр мемлекеттің, әр университеттің өзіне тән академиялық мәдениеті қалыптасқан. Жылдағы дәстүрге айналған «Қысқы мектеп» жобасы – біздің академиялық мәдениетіміздің бір бөлігіне айналды.
Жақында ғана факультет декандарымен кездесіп, факультеттерге қажетті дүниелер бар ма, жоқ па деген мәселені талқыладық. Ғылыми еңбек жазып, жоба дайындауда қандай да бір қажеттілік туындаса, қолдау көрсетуге дайынбыз! Сіздерден сұрайтынымыз, ғылыми жобалар дайындау арқылы университет дамуына өз үлестеріңізді қосу. Қос мемлекет пен оқу ордамыз білім жолында қашанда қолдау көрсетуге дайын!»,-деді.
Сонымен қатар, ректор өкілі апталықтың алғашқы баяндамасын оқыды. Ол «Мақала әзірлеу техникалары», «Халықаралық деректер базасын тиімді пайдалану» тақырыптарын көтеріп, тың ақпараттар берді.
Ал, оқу ордамыздың түлегі, Нархоз университетінің Экономика және менеджмент мектебінің профессоры, PhD Есенғали Өскенбаев «Рандомизацияланған бақыланатын сынақтар» және «Matching» атты баяндамасын оқыды.
Ғылым апталығы 5-модульден тұрады. Атап айтқанда: Зерттеу әдістері және ғылыми мақала әзірлеу; Зерттеу және академиялық артықшылық; Ғылыми зерттеулердегі статистикалық әдістер – I модуль; Ғылыми зерттеулердегі статистикалық әдістер – II модуль; Ғылымдағы идеядан нәтижеге дейін.
Айта кетейік, алдағы күндері апталық аясында: Ғылыми-зерттеу жобасын жазу; Ғылыми-зерттеу жобаларын басқару; Ғылыми-зерттеу мақалаларды әзірлеу; Зерттеу әдістері, этика; Тұрақты даму мақсаттары арқылы ғылыми әлеуетті арттыру; Коммерцияландыру жобаларын әзірлеу, басқару; Зерттеу және академиялық артықшылық тақырыптары бойынша интерактивті сабақтар өтеді.