ОҚУ ОРДА ЖОЛ АПАТЫНАН ҚАЗА ТАПҚАН СТУДЕНТТЕРДІ АҚТЫҚ САПАРҒА ШЫҒАРЫП САЛДЫ
Мезгілсіз қаза болған студенттеріміз – Жаратылыстану ғылымдары факультетінің білімгерлері Нұрай Қаратай мен Шұғыла Сейсенбек. Студенттеріміз білім алған факультетте бір топта оқыған достары мен оқытушылары еске алып, гүл шоқтарын қойды.
Жиында сөз бастаған университет ректоры Жанар Темірбекова: «Күні кеше ғана білім қуалап жүрген қыздарымыз қаза тапты. Жол ережесін сақтамаудың кесірінен осындай жағдай болды. Бұл қателік қаншама отбасыға қайғы әкеліп отыр. Сондықтан, әрбіріміз қоғамдық тәртіпті сақтаудың қаншалықты маңызды екенін білуіміз тиіс.
Өздеріңіз білетіндей, асыл дінімізде оқуға бара жатып қаза болған шәкірттер «Шейіт» болып саналады. Біздің қыздарымыз да сабаққа келе жатқан, болашағынан үміт күткен студенттер еді. Қаза болған студенттеріміздің отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз!»,-деді.
Келесі кезекте, білімгерлеріміздің ұстаздары мен достары олар жайлы ыстық естеліктерін бөлісіп, көздеріне жас алды.
Осы қиын сәтте қаза болғандардың жақындары мен туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Олардың отбасыларына сабыр мен күш-қуат тілейміз. Марқұмдардың рухы пейіште шалқысын! Біз олардың жарқын бейнесін жүрегімізде мәңгі сақтаймыз.
Сондай-ақ, апат салдарынан ауруханада ауыр халде жатқан Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультетінің студенті Севинч Дастанованың да тез сауығып, аман-есен ортамызға оралуын тілейміз.
Жол – қателікті кешірмейді. Жолаушысы бар әр көлік жүргізушісі тек өзінің ғана емес, өзгелердің де өміріне жауапты екенін ұмытпаса дейміз. Сондықтан, әр азаматты жол ережесі мен қауіпсіздігін сақтауға шақырамыз!