«МЕН АДАЛ АДАМ – АДАЛ ЕҢБЕК – АДАЛ ТАБЫСТЫ СУРЕТКЕ САЛАМЫН» АТТЫ КӨРМЕ МЕН БАЙҚАУ ӨТТІ
Байқаудың мақсаты – жас суретшілердің көркем шығармашылық қабілеттерін дамыту, олардың кәсіби іскерліктері мен шеберліктерін ынталандыру.
Суретшілердің эстетикалық, ізгілік және патриоттық сезімдерін, әлемдік және отандық көркем мәдениеттің дәстүрлеріне жеке қызығушылықтарын арттыруды міндет еткен байқау жоғары деңгейде өтті.
Байқауды ашып беру үшін сөз бастаған ректор Жанар Темірбекова: «Бүгін оқу ордамыз үшін аса қуанышты күн! Себебі, өздеріңіздей жас таланттар мен өнерге жаны құмар, әдемілікті жақсы көретін қонақтарымыздың келгеніне қуаныштымыз!
Өнер адамы қашанда ерекше. Ал, сурет өнерінің орны тым бөлек. Сурет өнері – оңай жолды таңдамайтын философияға толы үлкен еңбек. Ақыл мен күш-жігерді талап ететін өнер түрі. Сондықтан, осы өнерге өзін арнаған жастарды көріп қуандық. Байқауда барлық қатысушыға сәттілік серік болсын!»,-деді.
Айта кетейік, байқауға 12-25 жас аралығындағы шығармашыл жас суретшілер қатысты. Байқау ережесіне сай қатысушылар шығармашылық жұмыстарын ұлттық құндылықты дәріптейтін еркін тақырыпта жартылай орындауы тиіс. Сайыс уақытында жартылай дайын жұмыстарын аяқтаулары қажет. Сонымен қатар, суретшілер өздерімен бірге кез-келген тақырыпта кескіндемелік бір шығарма ұсынды.
Ең алдымен, жас таланттардың суреттерінен көрме қойылды. Суреттерде түрлі-түске боялып, дала рухын, бабалар аманатын, қазақ әлемінің сұлулығы бейнелген. Сондай-ақ, көрермендер әсем табиғат пен өзге де тақырыптағы мағыналы өнер туындыларын тамашалады.
Шығармашыл жастардың туындыларын бағалаған қазылар алқасының құрамында педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ержан Ауелбеков пен ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Омар Бабажанов болды. Қыл қалам шеберлерінің жұмыстарын бағалау кезінде тақырып мағынасының тереңдігі мен идеяны іске асырудағы креативті көзқарасы, күрделілік дәрежесіне, ой ұшқырлығына назар аударылды.
Жарыс қорытындысы бойынша 12-16 жас аралығы және 16-25 жас аралығындағы суретшілер ретінде, екі санатпен орындарға ие болды. Жеңімпаз суретшілер қаржылай сый-сияпаттар және дипломдармен марапатталды.