• image image image image
  • shape
    shape

    Факультет тарихы

    Тарихы

    Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің медициналық білім беру тарихы 1991 жылдан бастау алады. Университеттің алғашқы медицина факультеті профессор Е. Бекмұратовтың бастамасымен Түркістан және Кентау қалаларында құрылып, медициналық кадрларды даярлау ісінің негізі қаланды.

    1995 жылдан бастап медицина факультетінің V курс білім алушылары Шымкент қаласындағы «Фосфор» медициналық-санитарлық бірлестігінің клиникалық базасында білім алуын жалғастырды. Бұл кезең университеттің Шымкент қаласындағы медициналық білім беру қызметінің қалыптасуына негіз болды.

    1996 жылғы 19 мамырда университеттің Үкіметаралық Өкілетті кеңесінің V мәжілісінде Шымкент қаласында «Қоғамдық және жаратылыстану ғылымдары институтын» құру туралы ұсыныс қабылданды. Кейіннен құрылым бірқатар ұйымдастырушылық өзгерістерден өтті. Атап айтқанда, 2003 жылғы 10 қаңтарда Өкілетті кеңестің XVIII мәжілісінің шешімімен Шымкент бөлімшесі университеттің Шымкент филиалы болып өзгертілсе, сол жылғы 25 шілдеде XX мәжілістің шешімімен Шымкент институты болып қайта құрылды.

    2009 жылғы 28 тамызда университет Сенатының №7 мәжілісінің шешімімен құрылым «Оқу-клиникалық база» болып өзгертілді. Ал 2014 жылғы 12 қыркүйекте Сенат мәжілісінің 3.7-шешіміне сәйкес, «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкент медицина институты» болып қайта құрылды.

    Факультеттің қалыптасуы мен дамуына әр жылдары басшылық еткен ғалымдар мен білікті ұйымдастырушылар елеулі үлес қосты. Шымкент қаласындағы медицина факультетінің алғашқы деканы медицина ғылымдарының докторы, профессор И.О. Байдаулетов болды. Кейінгі жылдары факультетті профессорлар Н.К. Тузелбаев, З. Сатханбаев, М.Е. Жантеев, Б.Қ. Жунисов, А.А. Сариева, М.С. Жунисов, А.Р. Жумадилова, С.А. Туктибаева және MBA А.С. Абдрахманова басқарды.

    Қалыптасу кезеңінде бакалавриат және интернатура деңгейлері бойынша медициналық кадрлар даярлаудан басталған факультеттің білім беру қызметі жылдар өте кеңейіп, жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім берудің көпдеңгейлі жүйесіне ұласты. Бүгінде факультет интернатураның 5 және резидентураның 47 білім беру бағдарламасымен қатар, денсаулық сақтау саласындағы басқарушы кадрларды даярлауға бағытталған магистратура және докторантура бағдарламаларын жүзеге асырады.

    2025 жылғы ақпан айынан бастап факультетті медицина ғылымдарының кандидаты Жагипарова Жанар Амангельдиновна басқарып келеді. Қазіргі кезеңде факультет білім беру сапасын арттыру, клиникалық даярлықты жетілдіру, ғылыми-зерттеу қызметін дамыту және халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейту бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.