Хабарландырулар

shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

«САРҚЫЛМАС САЗ МҰРАСЫ» АТТЫ ДОМБЫРАШЫЛАР КОНЦЕРТІ ӨТТІ

Бүгін Спорт және өнер факультетінде «Сарқылмас саз мұрасы» атты концерттік іс-шара өтті. Айтулы жиынды Орындаушылық өнер кафедрасы «Наурызнама» онкүндігі аясындағы 16-наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр және 17-наурыз – Шаңырақ күніне орай ұйымдастырды. 

Өнер кешінде Музыкалық білім, білім беру бағдарламасының студенттерінен құралған «Шежіре» домбырашылар ансамблінің тұсауы кесілді. Өнерлі жастардың басын қосқан жетекшісі – ҚР мәдениет майталманы, аға оқытушы Иманали Сайманов. Ансамбль алғашқы концертінде-ақ күмбірлеген күй өнерімен көптің қошеметіне бөленді.

Іс-шараны ашып беру үшін сөз бастаған Спорт және өнер факультетінің деканы Алпамыс Рахымжанов: «Бүгін тамаша күн. Домбыраның үні – қазақтың үні, елдің үні. Ұлттық аспабымыздың үні ешқашан сөнбесін. Бүгін сахнаға тәй-тәй басқан «Шежіре» ансамбліне сәттілік тілеймін! Домбырамызды тек Қазақстанға ғана емес, әлемге танытады деп сенеміз!»,-деді.

Келесі кезекте, Орындаушылық өнер кафедрасының меңгерушісі Дархан Елжанов та домбырашылар концертінің маңызын атап, ансамбльдің болашағы жарқын болуын тіледі.

Домбыраның қоңыр үні арқылы рух көтеріп, мерекелік көңіл-күй сыйлаған кеште күй шертіліп, ән айтылды. Сахна төрінде халық күйі «Бозінген», Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» және «Ерке сылқым», «Ақсақ құлан» күйлері құлақтың құрышын қандырды. Сондай-ақ, өнерлі білімгерлер «Адай» мен «Әлқисса», «Сарыарқа» күйлерін ойнады, дәстүрлі әндерді де шырқады. Бұған қоса, «Шежіре» ансамблінің өнерпаздары шетелдік әндерден поппури тартып, тыңдармандарына ерекше леп берді.

Жиналған қауым дала үнімен үндесіп, тарих қойнауын ақтарып, бүгінмен байланыстырған домбырашылар концертін жоғары бағалады. Кеш соңында қазыналы қарияларымыз өнерпаздарға ақ батасын беріп, өнерлері өрге жүзуін тіледі.