«ҰСТАЗ – ҰЛЫ ЕСІМ» АТТЫ МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ ӨТТІ
Салтанатты кешті ашып беру үшін сөз бастаған университет ректоры Жанар Темірбекова баршаны Ұстаздар күні мен Халықаралық қарттар күні, сондай-ақ Жоғары білім қызметкерлері күнімен құттықтап, ақ тілегін арнады.
«Биыл Қазақстанда алғаш рет арнайы аталып өткен Жоғары білім беру саласының ұстаздары мен қызметкерлер күні құтты болсын!
Біздің саламыз – ерекше сала. Жоғары білім беру саласында сол елдің ең ақылды, қабілеті жоғары, алдыңғы қатардағы азаматтары қызмет етеді.
Құрметті ұстаздар, сіздер Түркі әлеміне, елімізге сапалы қызмет ететін жақсы мамандар тәрбиелеп келесіздер. Ұлағатты ұстаздық жолдарыңыздың абыройы әрдайым биік болсын!»,-деді Жанар Темірбекова.
Келесі кезекте, ректор өкілі м.а Наджи Генч:«Құрметті ұстаздар, сүйікті студенттер, ең алдымен, осындай керемет кешті ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді. Айтулы мереке – Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Біз ұстаздықтың нағыз үлгісі болған Қожа Ахмет Ясауидің киелі топырағында оқытушы қызметін атқарып келе жатырмыз. Осы себепті де жоғары білім қызметкерлері күнін атап өтуге тиіспіз деп ойлаймын. Баршаңызды мерекемен тағы да құттықтаймын!»,-деді.
Мерекелік жиын ұстаздар қауымын марапаттау рәсімімен жалғасты. Спорт және өнер факультетінің оқытушылары Асылзат Ибраева мен Талшын Мустафаева ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды. Сондай-ақ, 30-ға жуық ұлағатты ұстаз ректордың Алғыс хатымен марапатталып, сый-сияпаттар табысталды.
«Атамекен» ұлт аспаптар фольклорлық ансамблі концерттік бағдарлама шымылдығын әуезді әуенмен түрді. Сахна төрінде мың бұралған бишілер «Қарлығаш» биін қойды. Көңілді кеште оқытушылар мен өнерлі студенттер ән шырқады. Көрермендер қатарында отырған оқытушыларға гүл шоқтары берілді.
Осылайша, еліміз үшін маңызы зор, абыройы асқақ ұстаздар қауымының мерекесі өз мәресіне жетті.