shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

УНИВЕРСИТЕТІМІЗДЕ «STUDY IN KAZAKHSTAN» КӨРМЕСІ БАСТАЛДЫ

Бүгін оқу ордамызда  «Study in Kazakhstan» көрмесі басталды. Қазақстандық жастардың шетелдік, халықаралық аренада білім алуы үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынған көрмені тамашалауға 10-11 сынып оқушылары мен ата-аналары келді. Ал, көрмеге әлемнің жетекші ЖОО-ның Қазақстандағы 20 филиалы қатысуда. 

Жиынның ашылу салтанатында сөз бастаған университет ректоры Жанар Темірбекова: «Бүгін біздің университет ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Түркістан облысы білім басқармасымен бірігіп, сіздер үшін маңызды іс-шара ұйымдастырды. 

Кез-келген елдің даму болашағы жастарға байланысты. Елімізде дүниежүзіндегі ең мықты 34 университет пен филилал ашу бойынша келісімге қол қойылды. Оның 23-і Қазақстанның түрлі өңірлерінде ашылды. Бүгін сол ЖОО-ның өкілдері өздерін таныстыру мақсатында көрмеге қатысуға арнайы келді»,-деді.

Келесі кезекте, Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл  Қасымбекова: «Білім саласы – адамзат тарихының дамуындағы ең маңызды сала. Мемлекет басшысының тапсырмасымен республикамызда ашылған шетелдік ЖОО филиалдарының өкілдерімен кездесу өтуде. Бұл біздің түлектер үшін үлкен мүмкіндік! Себебі, отандық біліммен қатар, шетелдік білім беру стандарттарымен танысып, таңдау жасауға мүмкіндік алды деп ойлаймын»,-деді.

Сондай-ақ, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев  айтулы жиынның маңызын тереңінен саралап, болашақ студенттерге кеңес берді.

«29-қаңтар күні Қарғанды қаласында бастау алған көрме, бүгін Түркістан қаласында жалғасын тапты. Осы көрмені өткізуге атсалысқан Түркістан облысы әкімдігі мен Ясауи университетіне алғыс білдіремін.

Study in Kazakhstan – Қазақстандық талапкерлердің елімізден тыс шықпай-ақ, өз жерімізде халықаралық стандарттарға сәйкес келетін, халықаралық деңгейдегі дипломға ие болу мүмкіндігі. 2022-2024 жылдары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі   23 стратегиялық серіктестік орнатты. Соның арқасында, 23 шетелдік ЖОО-ның филиалдары мен қосдипломдық бағдарламалары Қазақстанда іске қосылды»,-деді министр кеңесшісі.

Айта кетейік, Түркістан, Кентау қалалырының, сондай-ақ Отырар және Сауран аудандарының мектеп бітіруші түлектері 10-11 ақпан күндері шетелдік ЖОО филиалдарымен таныса алады. Әр филиалдың өкілдері білім беру ісіндегі ерекшеліктері мен оқу орны ұсынар мүмкіндіктері жайлы тың ақпараттар беруге әзір.