«ТӘУЕЛСІЗДІК – ЕЛІМНІҢ ЕРЛІК ЖОЛЫ» АТТЫ МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ ӨТТІ
Тәуелсіздіктің ақ таңын ардақтаған кеш Қазақстан мен Түркия Республикасының әнұранымен бастау алды.
Салтанатты кешті ашып беру үшін сөз бастаған ректор Жанар Темірбекова:
«Бүгін біз еліміз үшін аса маңызды мемелекеттік мереке – Тәуелсіздік күнін атап өту үшін жиналдық. Баршаңызға Тәуелсіздік күні құтты болсын! Қазақстанның тарихында Желтоқсан оқиғасы мен 1991 жылы алған тәуелсіздігіміз – ең қымбат, мағыналы, ең керемет күндердің бірі! Себебі, еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде жариялануы, оның алдындағы Егемендік күні, университетіміздің құрылуы, міне, осының барлығы тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихы! Сіз бен біз куә болған тарих!»,-деді.
Келесі кезекте, ректор өкілі м.а Нажи Генч қазақ жұртын айтулы мерекемен құттықтап, ыстық лебізін білдірді.
«Ең алдымен, Қазақстанның тәуелсіздігі жолында жанын пида еткен Алаш арыстарынан бастап, барша азаматтың рухына тағзым етеміз! Тәуелсіздік аса құнды дүние. Түркі мемлекеттері үшін де егемендіктің маңызы зор. Тәуелсіздіктенде маңызды дүние – сол тәуелсіздікті сақтай алу! Осы жолдағы біздің парызымыз, өз міндетімізді атқару болмақ. Әр адам өз мамандығында еңбек етіп, өзіне ғана емес, туған өлкесіне қызмет ету арқылы егемендікті сақтауға үлес қосады. Осыны ұмытпауымыз керек»,-деді.
Кеш тәуелсіздік мерекесі қарсаңында оқу ордамыздың бірқатар профессор-оқытушылары мен қызметкерлерін арнайы марапаттау рәсіміне ұласты. Өз ісінің мамандары ректордың Алғыс Хатына ие болды. Сондай-ақ, Спорт сауықтыру орталығының басшысы Еркебұлан Балғабаев Туризм және спорт министрлігінің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісін алды. Ал, Кентау кампусының директоры, профессор Камалбек Беркімбаев «Қазақстан Мәслихаттарына 30 жыл» мерекелік төсбелгісі және Аманат партиясының Алғыс хатымен марапатталды.
Іс-шара мерекелік концертпен жалғасты. «Атамекен» ұлттық аспаптар фольклорлық ансамблі рухты күй шертіп, көрерменнің қошеметіне бөленді. «Бисұлтан» би ансамблі «Қазақ рухы», «Алтын адам» билерін мың бұрала биледі. Өнерлі студенттеріміз патриоттық әндер шырқап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Кеш соңында хор ұжымымен бірге «Атамекен» әнін залда жиналған қауым қосыла шырқады. Осылайша, көк туымыз желбіреп, тәуелсіздік мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті.