«СТРЕСТІҢ БЕЛГІЛЕРІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ӨМІРІМІЗГЕ ӘСЕРІ» АТТЫ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ТРЕНИНГ ӨТТІ
Тренингтің мақсаты – университетіміздің тәлімгерлерін стрессті дұрыс анықтап, онымен күресудің тиімді жолдарын үйрету, сондай-ақ, студенттер мен жастарға психологиялық қолдау көрсету мәдениетін дамыту. Бұл шара жастардың психологиялық денсаулығын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.
Қазіргі таңда жастар арасындағы стресс – аса өзекті мәселелердің бірі. Оның отбасылық жағдайлардан бастап, оқу жүктемесінің ауырлығы сынды өзге де сан алауан себептері бар. Осы тұста, университет басшылығы бұл мәселенің маңыздылығын ескере отырып, топ кураторларына арналған арнайы психологиялық тренинг ұйымдастыруды жөн көрді.
Шара барысында психолог маман: Стресс дегеніміз не және оның адам өміріне әсері қандай, Жиі күйзелістің салдары қандай ауруларға әкелуі мүмкін, Стрестің негізгі белгілері қандай және оны қалай басқаруға болады деген сауалдарға жауаптар қарастырды.
Алнұр Ошибаев нақты мысалдар келтіріп, психологиялық көмек көрсету, жастардың эмоционалды жағдайына әсер ету әдістері туралы айтты. Сонымен қатар, тренинг қатысушыларына стресстің теріс әсерлерін алдын алуға көмектесетін кеңестер мен практикалық жаттығуларды да ұсынды.
Осындай тренингтер оқытушылар мен кураторлардың психологиялық біліктілігін арттырып қана қоймай, студенттерге сапалы қолдау көрсетуге, олардың ішкі жан дүниесін тереңінен түсінуге мүмкіндік берері анық.
Жиын соңында қатысушылар маңызды ақпараттармен бөліскен психолог Алнұр Ошибаевқа алғыстарын айтты. Айтулы іс-шараны ұйымдастырып, психология мәселелеріне көңіл бөлген оқу орда басшылығына ризашылықтарын жеткізді.