shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

«ЭТНОСТАРДЫҢ ТІЛІ, МӘДЕНИЕТІ ЖӘНЕ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІ КҮНІ» МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ

Бүгін Түркістан облыстық «Ынтымақ» этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен – «Этностардың тілі, мәдениеті және салт-дәстүрлері күні» мерекесі аталып өтті.

«Достық үйінде» өткен айтулы іс-шараға университетіміздің әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов пен түрлі ұлт өкілдерінен жиылған шетелдік студенттер қатысты. Қонақтар қатарында Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшылығы,Түркістан облыстық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық мүшелері де болды.

Шараның басты мақсаты – Қазақстан Республикасының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңының 19-1 бабында көрсетілген, Ассамблеяның этномәдени бірлестіктерінің дәстүрлерді, тілдерді, мәдениетті сақтау және дамыту саласындағы қызметін мемлекеттік қолдауды жүзеге асыру бағытында қоғамдағы этносаралық келісім мен халықтың бірлігін нығайту.

Алғашқы құттықтау сөзді алған вице-ректор Еділ Төлегенов:

«Осындай кештерді өткізу арқылы, түріктің, қазақ пен қырғыздың кім екенін көпке танытамыз. Түркі дүниесінің ортақ мәдениетін, тілі мен дінін жаңғыртып, көрсетеміз.

Алдағы уақытта да осындай іс-шаралардың басы қасында болып, әдет-ғұрпымыз бен достығымызды, ынтымақтастығымызды насихаттаймыз деп сенеміз. Бүгінгі мереке құтты болсын!Жиынды ұйымдастырған қауымға ризашылығымызды білдіреміз»,-деді.

Келесі кезекте, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Ерназар Көпжасарұлы мен профессорымыз Гүлсара Тоққұлова да ақ тілектерін арнады.

Жиын шетелдік студенттердің концерттік бағдарламасымен жалғасты. Қырғызстан, Дағыстан, Түркия, Әзірбайжан елдерінен келген өнерлі студенттеріміз көпке мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сахнада өлең жолдарын оқып, ұлттық әндер шырқалды. Әр ұлт өкілі дәстүрлі нақыштағы әсем бейнелерімен, ұлттық киім үлгілерімен баршаны қуантты.

Іс-шара соңында қатысушы студенттеріміз арнайы марапатталды.

Ұлттар татулығы мен өзара сыйластығының үлгісі болған мерекелік кеш жоғары деңгейде өтті.