Болатбек Серікбайұлы Әбдірәсілов Ахмет Ясауи университетінің жаңа ректоры

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің жаңа ректоры профессор Болатбек Серікбайұлы Әбдірәсілов өз қызметіне кірісті.
Жаңадан тағайындалған ректор, профессор Болатбек Серікбайұлы Әбдірәсіловты ҚР Білім және ғылым вице-министрі, ХҚТУ Өкілетті Кеңес төрағасының орынбасары Бибігүл Асылова университет ұжымымен таныстырды. Сондай-ақ, 2013-2018 жылдары қызмет атқарған Уәлихан Әбдібековтің білім ордасының дамуына сүбелі үлес қосқанын жеткізіп, ол жұмысына алғысын білдірді.

Жиын барысында жаңа тағайындалған басшы, профессор Б.Әбдірәсілов түркі халықтарының басын қосқан оқу ордасын өркендетуге, дамытуға барынша жағдай жасап, әлемдік деңгейде өзіндік орнын қалыптастыруға қызмет ететінін жеткізді. Жиынды жүргізген университеттің І вице-президенті Мехмет Куталмыш Бибігүл Асыловаға алғысын білдірді.
Болатбек Серікбайұлы қызмет жолын 1986 жылдан бастаған. Бүгінге дейін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің төрағасы қызметін атқарған болатын. Ғылым жолында өзіндік ізі бар профессор Биология ғылымдарының докторы, физика-математика ғылымдарының кандидаты.

Еліміздің білім-ғылым саласында 32 жылдан бері табысты қызмет атқарып келе жатқан профессор «Құрмет» Орденінің иегері (2005 ж.). Еңбек жолын 1986-1994 жылдары Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының оқытушылығынан бастаған Болатбек Серікбайұлы аталған оқу орынының доценті, деканы, проректоры қызметтерін атқарды. 1996-1998 жылдары – осы университеттің ректоры, ал 1998-2000 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің бірінші проректоры болып еңбек етті.
2000-2001 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Ақпарат және тестілеу орталығы» мемлекеттік мекемесінің директоры, содан кейін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мониторинг және бақылау департаменті директорының орынбасары қызметін атқарған. 2001 жылдың тамызынан 2004 жылдың қарашасына дейін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры болған. Осы жылдың қараша айында ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитетінің төрағасы болып тағайындалды. 2007 жылдың ақпанынан 2010 жылдың қыркүйегіне дейін – ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарады.

2010 жылдың қазан айында ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы болып тағайындалған профессор, 2012-2016 жылдары ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры болып қызмет еткен.

2017 жылдың 24 наурызынан бастап бүгінгі күнге дейін ҚР Білім және ғылым министрінің №34-ЖК бұйрығымен ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрағасы болып жемісті қызмет атқарып келді. (еңбек жолы туралы мәлімет ҚР БғМ Ғылым комитетінің ресми интернет-ресурсынан алынды http://sc.edu.gov.kz/kz/news/ozge/_2017-03-25-162300 )

Ақпарат орталығы