Гуманитарлық  ғылымдар факультеті

Гуманитарлық ғылымдар факультеті мектепке дейінгі, бастауыш білім беру, педагогика, психология, отандық және дүние жүзілік тарих, археология мен этнология, дінтану мен теология бойынша жоғары білікті мамандар даярлайтын аймақтағы негізгі орталық болып табылады. Мамандарды даярлау үш сатылы жүйе бойынша жүзеге асырылады: бакалавриат, магистратура, докторантура. Оқу үдерісі барысында шет тілдерін меңгеруге, сапалы білім беруге, өзге ұйымдармен тығыс байланыс орнатуға ерекше көңіл бөлінген. Факультет түлектері ғылым мен білім саласында, әкімшілік-мәдени жұмыста, ішкі істер жүйесінде, ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметінде сұранысқа ие. Республика мен аймақтың көрнекті саяси, қоғамдық, ғылыми, діни қайраткерлерінің арасында біздің факультеттің түлектері бар. Мамандарды дайындау педагогика, психология, тарих, археология, дінтану, теология бойынша іргелі білім бағдарламаларына негізделген.

Гуманитарлық ғылымдар факультетінде 700 білімгер оқиды, оның ішінде Түркия, Ресей, Болгария, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан мен Түрікменстаннан келген 34 шетелдік студент бар. 655 студент бакалавриат, 25 магистратура, 20 докторантура бағдарламасы бойынша білім алып жатыр. Факультет құрамында 92 оқытушы қызмет атқарады, оның ішінде 8 ғылым докторы, 14 PhD, 36 ғылым кандидаты. Оқыту қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі.

Бакалавр

Магистратура және докторантура

16
Білім беру бағдарламасы
700
Білімгер
80
Жұмыспен қамтылған
92
ОПҚ

Факультетте жалпы соммасы 14 млн тенге құрайтын ғылыми жоба орындалуда. Дінтану кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты С.Абжалов ҚР БҒМ 2018-2020 жж. арналған гранттық жобасын жеңіп «Орта Азиядағы ханафиттік дәстүр және қазақ руханиятының негіздері» атты ғылыми-зерттеу тақырыбымен жұмыс жүргізуде. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің дінтану кафедрасы және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің дінтану кафедрасымен, Түркология ғылыми зерттеу институтымен ғылыми жұмыстар бойынша интеграциялану келісім-шарты жасалды. Түркология, Археология ғылыми зерттеу институттарымен интеграциялану жұмыстары негізінде доктораттарға диссертациялық тақырыптар ұсынылып «Нәзір Төреқұловтың қоғамдық-саяси қызметінің тарихы мен шығармашылығы және оны ЖОО жүйесінде пайдалану әдістемесі», «Мұстафа Шоқайдың мұғажырлық қызметінің тарихын жоғары оқу орындары жүйесінде пайдаланудың әдістемесі (ХІХ ғ. екінші жартысы-ХХ ғ. басы)», «Осман империясы мен Түркістан өлкесіндегі білім беру жүйелері, сабақтастығы», «Қазақ тарихына қатысты түрік және орыс тілді деректерді ЖОО оқу үдерісіне ендірудің педагогикалық шарттары (ІХ-ХІІІ ғғ.)», «Қоңырқожа Кожиковтың қоғамдық-саяси қызметінің тарихы және педагогикалық көзқарастары» атты тақырыптар бойынша жұмыстар жүргізілуде. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің дінтану кафедрасымен «Орталық Азиядағы діни рухани үдерістер және оның түрік халықтарының тарихи тағдырына ықпалы» тақырыбында, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің дінтану кафедрасымен «Қоғамда және тұлға бойында экстремизммен радикализмге қарсы діни сананы қалыптастыру» тақырыбында ғылыми зерттеу жұмыстары жасалынып жатыр. Факультет ОПҚ-ның әлемдік рейтингісі жоғары ғылыми журналдарда – 19 мақала, ҚР БҒМ Білім және ғылым саласын бақылау комитеті ұсынатын басылымдарда — 128 мақала жарық көрді.

Факультетте түрлі бағыттағы студент клубтары жұмыс істейді. «Орда» тарихи-танымдық клубы студенттерді ұлттық құндылықтарды насихаттауға тәрбиелеуді мақсат етеді. Осы клубтың ұйымдастыруымен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Туған жерге тағзым», тарихи қалалар мен мұражайларға саяхаттар, Түркістан облысының құрылуына орай түрлі мәдени іс-шаралар өтті. Сондай-ақ, «Ясауи жастары» студенттік клубы түрлі қайырымдылық іс-шаралар мен қоғамдағы өзекті мәселелерде пікір-талас, дөңгелек үстелдер ұйымдастыруда. Аталған студенттік клуб іс-шараларына университеттің басқа мамандық студенттері де белсене қатысып, өз ойлары мен пікірлері, ұсыныстарымен бөліседі.

Факультетте алыс және жақын шетелдердің жоғарғы оқу орындарымен тығыз байланыс орнатылған. Англия, Түркия, Ресей, Татарстан, Өзбекстан елінің жоғарғы оқу орындарынан келген профессорлар университеттің студент, магистрант және докторанттарына дәріс оқиды. Факультетіміз Түркия Республикасының Ататүрік, Гази және Эрджиес университеттерімен әріптестік орнатып, академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша студенттер алмасу жоғары деңгейде дамып келеді. Жазғы демалыс айларында дінтану және теология мамандығының студенттері мен магистранттары Түркия Республикасының жоғары оқу орындарында бір айлық тәжірибеден өтеді.

Тәуелсіз аккредитация агенттігінің 2018 жылғы рейтинг қорытындысы бойынша 5В011400-Тарих мамандығы І-орын иеленді. Факультет мамандықтары бойынша білім алатын білімгерлер жыл сайынғы студенттердің Республикалық пәндік олимпиадасының жеңімпаздары болып табылады. 2017-2018 оқу жылында студенттердің Республикалық пәндік олимпиадасында 5В020300-тарих мамандықтарының студенттері І-орын, 5В011400-тарих, 5В010200-бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі, 5В020600-дінтану, 5В020800-археология және этнология мамандығы ІІ-орын, 5В010100- мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу, 5В010300-педагогика және психология мамандықтарының студенттері ІІІ-орынды иеленді. 2017-2018 оқу жылында 7 студент, 2 магистрант Түркия Республикасының ЖОО-да бір академиялық кезең бойынша білім алып қайтты. 26 шетелдік оқытушы профессор білімгерлерге дәріс жүргізді.