МЕМЛЕКЕТТІК МЕЙРАМДАР

Мемлекеттік мерекелер:

Жаңа жыл – 1-2 қаңтар;

Халықаралық әйелдер күні – 8 наурыз;

Наурыз мейрамы – 21-23 наурыз;

Қазақстан халықтарының бірлігі күні  — 1 мамыр;

Отан қорғаушылар күні – 7  мамыр;

Жеңіс күні – 9 мамыр;

Елорда күні – 6 шілде;

ҚР Конституциясы күні  — 30 тамыз;

ҚР Тұңғыш Президенті күні – 1 желтоқсан;

Тәуелсіздік күні – 16-17 желтоқсан.

Халықаралық әйелдер күні — әр жылы 8-наурызда тойланатын мейрам. Тарихта әйелдердің теңқұқықтық пен эмансипация жолындағы күресіндегі ынтымақтастық күні ретінде пайда болды . 1975 жыл — Халықаралық әйелдер жылы боп аталғаннан кейін, сол жылдан бастап БҰҰ ресми түрде наурыздың 8-ші күнін Халықаралық әйелдер күні етіп бекітті. Қазақстанда демалыс күні боп табылады.
Наурыз мейрамы — ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Қазіргі күнтізбе бойынша (наурыздың 22) күн мен түннің теңесуі кезіне келеді. Көне парсы тілінде нава=жаңа + рәзаңһ=күн, «жаңа күн» мағынасында, қазіргі парсы тілінде де сол мағынамен қалған (но=жаңа + роуз=күн; мағынасы «жаңа күн»), яғни «жаңа жылды» (күн өсуін белгілеуі) білдіреді.
2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес 21 наурыз «Халықаралық Наурыз күні» болып аталып келеді. Бас ассамблея өзінің берген түсініктемесінде «Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқандығын» мәлімдеді. Ал UNESCO болса, 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне кіргізді.
Қазақстанда Наурыз мейрамы үш күн: 21-23 наурыз аралығында аталып өтіледі (2010 жылдан бастап). Жалпы, Наурыз парсы, кавказ және түрік халықтарының арасында көктем мейрамы және жаңа жылдың басталуы ретінде тойланады. Ол Иранда 21 наурызда, Орталық Азия елдерінде және  Әзірбайжанда, мемлекеттік мереке ретінде Тәжікстанда және Қазақстанда — 22 наурызда, Өзбекстан мен Түркияда 21 наурыз күні аталып өтіледі.
Қазақстан халқының бірлігі күні — Қазақстанда жыл сайын тойланатын мереке.
Мереке 1996 жылдан бастап тойланады. 1995 жылдың 18 қазанында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің жарлығы бойынша 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні деп жарияланды.
Қазақстанның саяси қайраткерлерінің пікірі бойынша, ұлтаралық және дінаралық келісімнің сақталуы, олар жүргізіп жатқан саясатының басты қағидаларының бірі болып табылады.
Отан қорғаушы күні — Қазақстан Республикасында 7 мамырда атап өтілетін мемлекеттік мереке. Мемлекеттік демалыс күні болып аталады.
1992 жылғы 7 мамырда Қазақстан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. Дәл осы күні республика аумағындағы КСРО Қарулы Күштерінің құрамындағы мекемелер, бөлімдер, құрамалар Қазақстан Республикасының құзыретіне берілді.
Аталған жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен үш жүйелі штаб — жаяу әскерлер, әуе қорғанысы күштері мен әскери-теңіз күштерінің бас штабтары бекітілді. Аэроұтқыр күштерге Жоғарғы Бас қолбасшының резерві құзыры берілді. 2001 жылдан Қазақстан 4 әскери — Орталық, Оңтүстік, Батыс және Шығыс округке бөлінді.
Дәстүр бойынша, Отан қорғаушылар күнінде Қазақстан Республикасының Президенті (Жоғарғы Бас қолбасшы) Н.Ә.Назарбаев кезекті әскери атақтар тағайындап, көзге түскен әскери қызметкерлерді марапаттайды. Мереке күні құттықтау рәсімдері өткізіледі.
Жеңіс күні — Совет үкіметінің фашистермен болған Ұлы Отан соғысы кезіндегі жеңіске жеткен күні. Бұл 1941-1945 жылдар аралығын қамтиды.
Қазақстанда мамырдың 9 (Батыс Еуропада мамырдың 8. Себебі Капитуляция актіне Орталық Еуропа уақыты бойынша 22:43, мамырдың 8 қолтаңба қойылды, ал Мәскеу уақыты бойынша бұл 0:43, мамырдың 9) мемлекеттік мереке болып табылады. «Қазақстан Республикасының мерекелері туралы» Заң нормаларында ұлттық мереке күндері демалыс болып саналады, ал демалыс күндері мен мереке күндері сәйкес келген жағдайда мейрам күнінен кейінгі жұмыс күндері демалыс күндері болып саналады.
194-1945-жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысына 35 млн адам, соның ішінде 1,5 млн қазақстандық қатысты. Бұл республика халқының 18 бен 50 жас аралығындағы ересектердің  70 пайызы. Ұрыстардың алғы шебінде Қазақстаннан жіберілген 23 бірлестік, 50 шақты полктар мен батальондар шайқасты. Қазақстандықтар Мәскеу  мен Ленинградты жанын қия қорғап, Украина мен Беларусьті, Балтық маңы  мен  Молдованы азат етуге атсалысты, Берлин шабуылына қатысты.
Ондаған мың қазақстандық ерен еңбегі мен ерліктері үшін марапатталса, бес жүзден астам адам Кеңес Одағының Батыры атанды, төрт адам бұл атаққа екі мәрте ие болды, 142 адам Даңқ орденінің толық жинағының иегері атанды.
Астана күні — Қазақстанда 6 шілдеде тойланатын мемлекеттік мейрам. 1994 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы ұсыныс жасады. 1997 жылы 20 қазанда астананы ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойды. 1998 жылы 6 мамырда Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгерді. 1998 жылы маусымның 10-ында жаңа елорданың халықаралық тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл күн 2006 жылға дейін астананың туған күні ретінде атап өтіліп келді. 2006 жылдан бастап шілденің 6-сы елорда күні ретінде атап өтіледі.
Қазақстан Республикасының Конституциясы — Қазақстан Республикасының Ата Заңы. Ағымдағы Конституция 1995 жылы 30 тамыз күні жалпыхалықтық Референдум негізінде қабылданды және 5 қыркүйек күні өз күшіне енді. Конституция 9 тараудан, 98 баптан тұрады.
Конституция мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат болып табылады. Ол мемлекеттілік тетік, қоғамдық, саяси институттар ретінде қызметтің негізі боларлық принциптерін орнықтырды, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады. Бұл тәуелсіз Қазақстанның қабылдаған екінші конституциясы. Алдыңғы конституция 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған болатын.
Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті күні — 1 желтоқсанда жыл сайын аталып өтетін Қазақстандағы мемлекеттік мейрам. 1991 жылғы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде еліміз өзінің тұңғыш Президентін сайлады және осы күннен тәуелсіздік тарихы басталды.
2011 жылғы 10 желтоқсанда парламент сенатының толық отырысында «Қазақстан Республикасының мерекелері туралы» заңына толықтырулар енгізу туралы» заңнамасына  қол қойылды.  Қазақстан Республикасының алғашқы президент күнін атап өту Қазақстан Республикасының президенті — Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекет алдындағы дүр жетістіктерін тану мақсатымен ұйымдастырылған.
Бұл мейрамның аталуының негізі және алғышарты болып 1 желтоқсан күні болған президент сайлауы болды. Алғашқы бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алғашқы президент атанды. Ол жылы Н.Назарбаев 88,2% дауыс берушілердің 98,7% дауысына ие болған еді.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні — тарихы тереңде жатқан елдің жаңа заманда өз алдына қайта егеменді ел болған күні. Тәуелсіздік күні мерекесі әр жылдың 16 желтоқсанында аталып өтеді. Бұл күн ұлттық, мемлекеттік деңгейдегі елеулі мереке болғандықтан 16-17-желтоқсан күндері күнтізбеде демалыс болып табылады. Жыл сайын республика азаматтарының арасында мәдениет қайраткерлері, әлеуметтік саладағы ерекше қызметімен көзге түскен мамандар, әскери шенділер мен офицерлер, құқық қорғау саласының қызметкерлері және ел өміріндегі белсенді өзге де сала өкілдері елеулі еңбек еткендері үшін мемлекеттік марапаттармен (наградалар) марапатталады. 16-желтоқсан күні Қазақстанның барлық жерлерінде мерекелік мәдени ойын-сауық іс-шаралары ұйымдастырылады. Кешке қарай үлкен орталықтардың аспаны отшашумен көмкеріледі. Тәуелсіздік тек Қазақстан тұрғындары үшін емес, сонымен бірге, шетелдердегі қазақ халқының өкілдері үшін де маңызы зор мереке.

Тарихы

1991 жылы КСРО ыдырап, Одақтың құрамындағы елдер өз алдарына жеке мемлекет болып жатты. Солардың қатарында Қазақстан да болды. 1991 жылы 16-желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі “Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы” заңды қабылдады. Ескеретіні, Қазақстан КСРО құрамындағы елдердің арасында ең соңғысы болып Тәуелсіздігі туралы заңды қабылдады. Бұл заң 1990 жылы 25-қазанда қабылданған Қазақстанның Егемендігі туралы Декларациямен бірге Қазақ елінің елдігін нығайта түсті.
Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып мұхиттың арғы жағында жатқан  Америка Құрама Штаттары мойындады, екінші болып айдаһардай айбарлы Қытай, сонан соң Ұлыбритания мойындады. Оның артынан Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Ислам мемлекеті мойындады. Иран — Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мұсылман мемлекет. Ал “Тәуелсіздігімізді ең алғаш болып бауырлас Түркия мемлекеті мойындады” деген сөздің ақиқат еместігін білгеніміз жөн. Түркия алғаш болып Қазақстанда өз елшілін ашты, бірақ тәуелсіздігімізді мойындауда он жетінші болды. Бұл деректі еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған, елдің сыртқы саясат тұжырымдамасы авторларының бірі болған Вячеслав Ғиззатов келтірген. ҚР Сыртқы Істер министрлігінде тіркелген дипломатиялық құжаттарда Түркияның Қазақстан тәуелсіздігін ресми түрде мойындайтын протоколға 1992 жылдың 2-наурызы күні қол қойғандығы көрсетілген. Алғашқы күндері әлемнің салмақты елдері мойындап, кейіннен басқа да елдер мойындап жатты. Осылайша әлемдік саясат аренасында ҚАЗАҚСТАН деген мемлекет тәй-тәй басты. Небары бірнеше аптаның ішінде әлемнің көптеген беделді елдері Қазақ елінің тәуелсіздігін мойындап, дипломатиялық қатынастар басталды.