Білім алушының білім беру траекториясын таңдау процедурасы

Білім алушы өзінің білім беру бағдарламасын мамандықтың жұмыс оқу жоспары шегінде өз бетімен жеке оқу жоспары (ЖОЖ) ретінде құрастырады. Білімнің сәйкес деңгейін меңгеру үшін білім беруші оқу жоспары бойынша талап етілген кредиттер санын жинау арқылы өз жеке оқу жоспарын орындауға міндетті.
Студенттің жеке оқу жоспары әрбір академиялық кезеңге эдвайзердің (білім алушының мамандығы бойынша бітіруші кафедраның оқытушысы) көмегі арқылы қалыптасады. Эдвайзердің басты міндеті — студенттің оқыту траекториясын таңдауына көмек көрсету.
Университетке жаңа түскен білімгерлер үшін мерзімдері академиялық күнтізбеде көрсетілетін бағдарлау (ұйымдастыру) кезеңінде кредиттік оқыту жүйесі, пәнге тіркеу рәсімдері таныстырылады. Бағдарлау кезеңінде әкімшілік өкілдерімен, факультет декандарымен, кафедра меңгерушілерімен, эдвайзерлермен кездесулер өткізіледі. Әрбір білім алушыға «Platonus» ақпараттық жүйесіне енетін логин және құпия сөз беріліп, білім алушы сол бойынша жеке оқу жоспарын оқу пәндеріне on-line жолымен тіркейді. Университетке жаңа түскен білімгерлерді тіркеу бағдарлау кезеңінен соң, бірінші семестр басталғанға дейін жүргізіледі. Қалған білім алушылар келесі оқу жылының пәндеріне және пәнді қайта өтуге академиялық күнтізбеде көрсетілген тіркеу кезеңінде тіркеледі.
Білім алушы өзінің жеке оқу жоспарын құрастырған кезде:

  • кредиттік оқыту технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру ережелерімен танысуға;
  • оқу пәндеріне тіркелу және қайта тіркелудің бекітілген мерзімдерін сақтауға;
  • жекелеген деңгейдің білім беру бағдарламасын меңгеру үшін бір оқу жылына бекітілген кредит санынан кем емес пәндерге жазылуға міндетті.

Білім алушы ақылы негізде сәйкес деңгейдегі білім беру бағдарламасын меңгеру үшін бекітілген кредит санынан төмен кредит санымен өзінің жеке оқу жоспарын қалыптастыра алады;
Білім алушының жеке оқу жоспарына кірістіретін кредиттер саны мамандығы бойынша сәйкес семестрге жұмыс оқу жоспары бекіткен кредит санына сәйкес келуі керек.
Қалыптасқан ЖОЖ (3 данада) Тіркеуші офисі бөлімімен келісіледі де, деканмен бекітіледі. Келісілгеннен соң бір дана білім алушыда қалады, ал екінші дананы эдвайзер тіркеу бөліміне атестаттауды ұйымдастыру үшін тапсырады, үшінші дана деканатта сақталады және ол білім алушының оқу жоспарының орындалуын бақылауды жүзеге асыру үшін негіз болып табылады.
Білім алушыларды  пәндерге тіркеу үшін келесі құжаттар негіз болып табылады:

  • білім алушылар қатарына енгізу туралы бұйрық;
  • семестр үшін төлем түбіртегі (егерде оқу ақылы негізде болса).

Басқа білім алушылар келесі оқу жылының пәндеріне және қайтадан оқитын пәндеріне (Retake) академиялық күнтізбеде көрсетілген тіркелу кезеңі аралығында оқу жылының аяғында тіркеледі. Олардың тіркелу кезеңіне (презентациялар, кеңестер) қатысуы міндетті. Білім алушы осы кезең аяқталған соң пәндерге жазыла алмайды.
Тіркелу үшін олар:

  • пәнді оқуға қажет барлық пререквизиттерден толығымен өтуі;
  • оқу ақысы бойынша қарызынан құтылуы тиіс.