1. Грант иегерлерін қабылдау

  1. Мемлекеттік білім грант иегерлері «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 19 қаңтардағы № 111 қаулысымен бекітілген «Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі қағидалары» мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 58, 2009 жылғы 19 ақпандағы № 194, 2010 жылғы 23 сәуірдегі № 343 қаулыларымен өзгертілген «Білім беру грантын беру ережесі» негіздерінде қабылданады.
  2. Түркия Республикасынан және басқа түркі тілдес республикалардан келіп, 1 жыл дайындық бөлімінде оқыған тыңдаушылар 2016-2017 оқу жылына арналған күндізгі оқу нысанындағы жоғары білім мамандықтарына өз өтініштері негізінде конкурстық жүйемен Қазақстан Республикасы тарапынан бөлінген 200 мемлекеттік грант бойынша студент қатарына қабылданады.
  3. Түркия грантына «Алтын белгі» иегерлері, Халықаралық Олимпиада жүлдегерлері, Республикалық «Ясауи» пәндік олимпиадасы жүлдегерлері, Республикалық жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиадасының жүлдегерлері, Республикалық «Ақберен» байқауының жүлдегерлері, «Ақ қауырсын» шығармалар байқауының жеңімпаздары Өкілетті Кеңес мәжілісінің шешімдеріне сәйкес бөлінген орындарға конкурстан тыс 1-курс студенті қатарына қабылданады.

2. ХҚТУ грантына студент қабылдауға қатысты тәртіптер мен негіздер Жалпы ережелер

  1. Осы ереже Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 тамыздағы «Білім туралы» Заңының 35-бабына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы №58, 2012 жылғы 19 қаңтардағы №111 Қаулыларымен бекітілген «Жоғарғы білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі қағидаларына» 2012 жылы 30 наурыздағы №390, 2014 жылы 5 шілдедегі №769 өзгерістер енгізіліп бекітілген қаулыларына және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Жарғысының 8-ші бабының (с) тармағы мен 19-шы бабына негізделе отырып дайындалды.
  2. Түркия Республикасының гранты университеттің Халықаралық статусына сәйкес екі елдің (Қазақстан, Түркия) даму барысында қажетті, бәсекеге қабілетті, білікті мамандар даярлау және осы елдердің тілін, өркениетін өсіруге, әлеуметтік дамуына үлес қосу мақсатында тағайындалды.
  3. Түркия Республикасының гранты Өкілетті кеңестің шешімімен бөлініп, Түркия Республикасы тарапынан қаржыландырылады. Түркия Республикасының гранты Қазақстан азаматтарына университетте дайындалатын бакалавр мамандықтарының күндізгі бөлімі үшін бөлінеді.
  4. Түркия Республикасының грантына конкурстық негізде студент қабылдауға қатысты тәртіптер мен негіздер:

a) Әр оқу жылында «Түркия грантына» қабылданатын контингент саны мен кейбір жеке мамандықтарға бөлінісі Өкілетті кеңес тарапынан анықталады.
b) Конкурсқа Ұлттық бірыңғай тестілеу мен кешенді тестілеуден «Жалпы медицина» мамандығына 70 ұпай, «Стоматология» мамандығына 55 ұпай, басқа мамандықтарға 50 және одан жоғары ұпай жинаған Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.
с) Түркия Республикасының грантына бакалавр мамандықтары бойынша күндізгі оқу түріне 1 жылдық «Тіл білімін жетілдіру курсы» арқылы қабылданады.
d) «Тіл білімін жетілдіру курсына» оқуға қабылдау конкурс негізінде жүзеге асырылады.
е) «Тіл білімін жетілдіру курсына» студент іріктеу жұмыстары Ұлттық бірыңғай тестілеу немесе кешенді тестілеу нәтижесі бойынша берілген сертификаттарының ұпайына қарай жүргізіледі. Ұпай саны тең болып, басым құқығы болмаған жағдайда, сондай-ақ аттестаттың, куәліктің немесе дипломның орташа ұпайы бірдей болғанда бірінші бейіндік пән бойынша алған ұпайы, екінші әлеуметтік жағдайы ескеріледі.
f) Қабылданатын талапкерлер үшін «Ұлттық бірыңғай тест» немесе «Кешенді тест» нәтижесі бойынша шектік ұпайы көрсетілген сертификаттардың және басқа да ресми құжаттарынын құзырлығы (жарамдылығы) студент қатарына қабылданғанға дейін сақталады.
g) «Тіл білімін жетілдіру курсында» білім алушылар екі міндетті пән: ағылшын және түрік тілдерін А1 деңгейінен В1 деңгейіне дейін оқиды. Сонымен қатар бекітілген оқу жоспарына сәйкес таңдау пәндері ұсынылады.
h) Білім алушы жылдың соңындағы бітіру емтиханнан кемінде 50 ұпай алуға міндетті. Қорытынды баға Дайындық, Тіл Үйрету Орталығының Оқу және Емтихан Регламентінің 11-бабына сәйкес өткізілген аралық бақылаулар, білім алушыға алдын-ала хабарланбайтын емтихандар және білім алушының үлгерім (белсенділік) бағасы есептелгеннен кейінгі ұпайдың 40%-ы және жылдың соңындағы бітіру емтиханының 60%-ы алынып, орташа бағасы кемінде 50 және одан жоғары ұпай алған білім алушы емтиханды сәтті тапсырған болып есептеледі. Қорытынды емтиханды сәтті тапсыра алмаған немесе емтихан тапсыруға орташа ұпай көрсеткіші жетпей қалған, себепсіз сабаққа немесе емтиханға қатыспаған білім алушыға қосымша ешқандай құқық берілмей оқудан шығарылады.
i) Тіл үйрету бағдарламаларын толық меңгермеген білім алушылар Түркия Республикасының грантын пайдалану құқығын жоғалтады. Бірақ, 1-інші курсқа қабылданып, оқуды ақылы негізде жалғастыру құқығы сақталады.
j) Бағдарламаны меңгеріп, қорытынды емтиханды сәтті тапсырған білім алушылар 1-курсқа Түркия Республикасының гранты негізінде қабылданып, күндізгі бөлімде, арнайы топтарда білімін жалғастырады.
k) Барлық дәрістер Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің базасында өткізіледі. «Тіл білімін жетілдіру курсының» студенттері Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттері қатарына қабылданады және олар университеттің барлық академиялық әлеуметтік және мәдени ресурстарына қол жеткізе алады.
l) Аралық аттестаттау университеттің емтихандарды ұйымдастыру және өткізу ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.
m) Студенттердін мамандықтарға таралымы Университеттің қабылдау комиссиясы шешімімен анықталады.
n) Түркия Республикасының грантына қабылданған студенттер тегін оқытылады.

Студент қатарына қабылдау тәртібі

  1. Түркия Республикасының грантына студент қабылдау комиссияның шешімімен жүзеге асырылады. Комиссия құрамын университет президенті бекітеді.
  2. Комиссия өз жұмысын осы Ережеге сәйкес жүргізеді.
  3. Комиссия Түркия Республикасының грантына ұсынылған құжаттарды осы Ереженің 7-бабына сәйкес конкурстық жүйемен өткізеді және студент қатарына қабылдау туралы ұсыныс береді.
  4. Комиссия осы Ережеде көрсетілген тапсыруға тиісті құжаттары түгел емес және студент қатарына қабылдау талаптарына сәйкес келмейтін талапкерлердің құжаттарын конкурста қарастырмауға құқы бар. Сондай-ақ, комиссия кейбір құжаттардың түп нұсқасын нақтылауды қажет деп тапқан жағдайда, негіздеме құжаттар берілген мекемелерге сұраныс жібере алады.

3. Ақылы оқу түріне студент қатарына қабылдау

  1. Студент қатарына қабылдау конкурсына қатысу үшін қажетті ең төменгі балл деңгейі:
  • күндізгі бөлімі бойынша – 50 балл;
  • «Жалпы медицина» мамандығы бойынша – 70 балл;
  • «Стоматология» мамандығы бойынша – 55 балл.
  1. ҰБТ және КТ нәтижесі бойынша жоғары ұпай жинап және Республикалық «Ясауи» пәндік олимпиадасының ІІ-ші іріктеу кезеңіне қатысып, келісім-шарт негізінде «күндізгі толық» оқу түрі бойынша 2016-2017 оқу жылына 1-ші курс студенті қатарына қабылданған студенттерге оқу төлемақысынан келесі жеңілдіктер беріледі:
  • 80-84 ұпай жинаған талапкерлерге –  15%;
  • 85-89 ұпай жинаған талапкерлерге – 20%;
  • 90 ұпайдан жоғары жинаған талапкерлерге – 25%;
  • Республикалық «Ясауи» пәндік олимпиадасының II кезеңіне  қатысушыларына – 15%.
  • Республикалық «Ясауи» пәндік олимпиадасының ІІ-ші іріктеу кезеңіне қатысқан және 80 ұпайдан жоғары жинаған талапкерге — 25%.

Жалпы берілетін жеңілдік көлемінің мөлшері 25% аспауы тиіс.

Оқу төлемақысынан 1 академиялық кезеңге (1-семестр) төмендегідей жеңілдіктер студенттің академиялық кезең нәтижесі (қысқы сессия қорытындысы) бойынша «Өте жақсы» үлгерім көрсеткен жағдайда берілген жеңілдіктің келесі сессия нәтижесіне дейін ұзартылу мүмкіншіліктері қарастырылады.