Жастар жаhандық дамуға үн қосты

13 қараша күні, Ахмет Ясауи университетінде «Түркістан Халықаралық БҰҰ моделі – 2017» конференциясы өтті.

Шара ұйымдастырушысы – ХҚТУ «Жастар орталығына» қарасты «Халықаралық қатынастар» клубы (IKTU International Relations Club).
БҰҰ Моделінің негізгі мақсаты – қазіргі күні әлемде орын алып жатқан өзекті мәселелер, халықаралық қатынастардағы жаңалықтар, дипломатия секілді салалардағы БҰҰ жұмысын модельдеу. Бұл шара – жастардың белсенді азаматтық ұстанымын дамытуға, белгілі коммуникативті дағдыларды қалыптастыруға және студенттердің көпшіліктің алдында сөйлеу қабілетін арттыруға көмектесетін оқу факультативті тәжірибелік тренинг. «Turkestan Model-UN» бұл – әртүрлі елдерден, университеттерден келген студенттер арасындағы мәдени, ғылыми байланыс, және пікірталас, келіссөздер жасау секілді дипломатиялық тәжірибе жиынтығы. «Turkestan Model-UN» бұл – жастарды халықаралық мәселелерден хабардар болуға, жаңа инновациялық ұсыныстар жасасуға өз септігін тигізеді.
Конференцияның ашылу салтанатына даму және қаржыландыру жөніндегі вице-президент М.Эрен және Әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы профессор М.Топлу қатысып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Сондай-ақ, Қазақстанның біршама ЖОО-нан, мектептерден 80-ге жуық жастар қатысты. Шымкент қаласының «Назарбаев зияткерлік мектебі», «Мирас» университеті, М.Әуезов атындағы ОҚМУ, ОҚО-ы Қарабұлақ орта мектебінің өкілдері келді.

«Түркістан Халықаралық БҰҰ моделі» жұмысы 2 комитет бойынша ұйымдастырылып, қызу пікірталасқа толы қызықты дебаттарға жалғасты. Озық ойлы жастар әлемдік мәселелерді қозғады.

«Бас Ассамблея» комитеті орыс тілінде «SDGs 3-ті іске асыру: Орталық Азия елдерінде жақсы денсаулық пен әл-ауқатқа қолжетімділікті қамтамасыз ету» тақырыбын, ал ЮНЕП (БҰҰ экологиялық бағдарламасы) ағылшын тілінде «Орталық Азиядағы қоршаған орта мен су проблемаларын шешу» тақырыбын қорғады.

Екінші рет өткізіліп жатқан отырыс жоғары деңгейде өтті. Қатысушылар тәжірибесін шыңдап, ресми келіссөздер жүргізуді үйреніп, маңызды қарар қабылдап, жаhандық өзекті мәселеге өз үндерін қосты.

Ақпарат орталығы.