Республикалық "Ясауи" пәндік олимпиадасы

  • Оқушылардың интеллектуалды және шығармашылық қабілеттерін айқындау және дамыту мақсатында 2014 жылы тұңғыш рет I Республикалық «Ясауи» пәндік олимпиадасы ұйымдастырылды. Олимпиадаға Қазақстанның 14 облысынан және Астана, Алматы қалаларынан мектеп бітіруші түлектер қатысты. Олимпиаданың I кезеңі Қазақстанның 14 облысының орталығында өткен болатын. 11 пән бойынша 4500-ге жуық талапкерлер бағын сынады. Қорытындысында 33 оқушы жеңімпаз атанып, оларға бағалы сыйлықтардан бөлек, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің гранты негізінде білім алу үшін арнайы сертификаттар берілді. Аталмыш сертификаттар жоғары көрсеткіштерге ие болған қазақ-түрік лицейлерінен келген  6 оқушыға да берілді.
  • Ал, 2015 жылы өткен ІІ Республикалық «Ясауи» пәндік олимпиадасында 33 оқушы оқу грантын жеңіп алды. Олимпиаданың I кезеңі Қазақстанның 14 облысының орталығында, қорытынды кезеңі университет базасында өтті. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтардан бөлек, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алу үшін Түркия Республикасы тарапынан оқу гранттары және арнайы сертификаттар мен дипломдар берілді.
  • 2016 жылы өткен III Республикалық «Ясауи» пәндік Олимпиадасында 59 оқушыға білім гранттары берілді. Олимпиаданың I-ші кезеңінде Қазақстан Республикасының барлық аймақтарынан, республикалық білім беру ұйымдарынан және Назарбаев Зияткерлік мектептерінен, «Дарын» мектептерінен 5545 оқушы қатысты. Ал, II-ші кезеңге I-ші кезеңнен жоғары нәтиже алған 1975 оқушы жолдама алды. Олимпиада жеңімпаздарына 59 білім гранттары берілді. Жеңімпаздар I, II, III-ші дәрежелі дипломдармен, сондай-ақ, «Үздік креативті жұмыс», «Озық ойлы дарынды оқушы», «Үздік жұмыс» номинацияларымен марапатталды. Олар өздері таңдаған пәндерге сәйкес келетін мамандықтар бойынша Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде тегін білім алуда.

2017 жылы өткен IV Республикалық «Ясауи» пәндік Олимпиадасына еліміздің 14 облысынан және Астана, Алматы қалаларынан 11-сыныптың 7 мыңға жуық оқушысы қатысты. Бітіруші түлектер 11 пән бойынша білімдерін сарапқа салып, тек үздіктері жеңіске жетті.

Олимпиаданы қорытындылаған университет ректоры, профессор У.Әбдібеков жеңімпаздарға 1, 2, 3 дәрежелі Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің білім гранты дипломын табыстады. Жоғары көрсеткішке қол жеткізген 81 грант иегеріне ҰБТ-дан 50 баллдан жоғары жинау шартымен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде тегін білім алу құқығы берілді.

Сондай-ақ, Олимпиаданың екінші кезеңіне қатысып, университет грантына ілікпей қалған қатысушыларға да үлкен жеңілдіктер қарастырылды. Егер мемлекеттік грантты иелене алмаса, ҰБТ-да жинаған 50 ұпаймен, берілген сертификатпен ақылы негізде 25 пайыздық жеңілдікпен білім ала алады.

Үш айға жалғасқан олимпиаданың І-ші іріктеу кезеңі – online түрде 2017 жылдың 1-4 наурыз күндері өткізіліп, жалпы, 7000-ға жуық оқушы қатысқан болатын. Университет базасындағы ІІ-ші кезеңге 2351 оқушы өтіп, қорытынды білім сайысында 1205 оқушы, оның ішінде, Ақмола облысынан – 75,  Ақтөбе облысынан – 76, Алматы облысынан – 39, Атырау облысынан – 29, Батыс Қазақстан облысынан – 73, Жамбыл облысынан – 63, Қарағанды облысынан – 89, Қостанай облысынан – 28, Қызылорда облысынан – 144, Маңғыстау облысынан – 44, Оңтүстік Қазақстан облысынан – 478, Солтүстік Қазақстан облысынан – 14, Павлодар облысынан – 18, Шығыс Қазақстан облысынан – 35 мектеп бітіруші түлек бақ сынады.