ҰСТАЗДАР ЕСІМІН ҰЛЫҚТАП, РУХЫНА ТАҒЗЫМ ЕТКЕН КҮН

  • 26.04.2024
  • KZ

image

Бүгін Спорт және өнер факультетінде ҚР Халық артисті, профессор Райымбек Сейтметов атындағы сахна залының, ҚР Халық артисті, профессор Қажыбек Бекбосынов пен ҚР Халық артисті, профессор Рахима Жубатурова атындағы қос аудиторияның ашылу салтанаты өтті.

Үш алыптың өнегелі өмір жолы мен өнерін студент жастарға насихаттап, рухтарына тағзым ету үшін еліміздің әр өңірінен ұстаздардың көзін көрген игі жақсылар мен отбасы мүшелері, шәкірттері мен әріптестерді жиналды.

Университетімізде жылдар бойы елеулі еңбек етіп, талай дарынды шәкірт тәрбиелеген ұстаздардың құрметіне ашылған сахна мен аудиториялардың лентасы қиылды.

Жиынды ашып беру үшін университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова алғашқы сөз тізгінін алды. Оқу ордамызда болашақ өнер жұлдыздарын тәрбиелеп, мәдениет саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар жайлы баяндады. Бүгінде ол кісілердің шәкірттері тәрбиелеген шәкірттердің өнері мен жеткен жетістіктері туралы тілге тиек етті.

«Бүгінгі іс-шара өте ерекше. Райымбек Сейтметов, Қажыбек Бекбосынов, Рахима Жубатурова да Түркістанға келген сәтінен бастап, адал қызмет етіп, ең маңызды тұлғалардың қатарында болды. Бұл жандардың есімдері қазақтың өнер тарихында өшпес, алтын әріппен қалады. Ол кісілердің рухына бас иеміз!»,- деді ректор.

Келесі кезекте, ректор өкілі Наджи Генч өзінің құттықтау тілегін жеткізді. Өнер мен мәдениетсіз мемлекет болмайтынын, ол жолда еңбек еткен әр жанның қадірі мен орнын айтты.

Сондай-ақ, Түркістан облысы мәслихатының депутаты Бекарыс Шойбеков, Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев пен Түркістан облысы туризм және мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Исатай Ержан өздерінің ыстық ықыластары мен ақ тілектерін арнады.

Ұстаз есімін ұмытпай, ұлықтағаны үшін университет ректоры Жанар Темірбекова мен факультет ұжымына Райымбек Сейтметов, Қажыбек Бекбосынов, Рахима Жубатурованың отбасы, ұл-қыздары, туған-туыстары өз алғыстарын білдірді. Оқу орданың одан әрі өркендеп, ұстаздарының асқақ атына лайық болар шәкірттердің арта түсуіне тілектес екендерін жеткізді.

Рухани кеш соңында, Актерлік өнер мамандығының 4-курс студенттері Рахымжан Отарбаевтың «Айна ғұмыр» драмасын сахналап, жиналған қауымның қошаметіне бөленді.

Айта кетейік, Райымбек Сейтметов – Қазақстан Республикасының халық артисті, Қазақстан және Қырғызстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» және Жастар Одағы сыйлықтарының иегері, «Кафка» атындағы сыйлықтың иесі, профессор Райымбек Ноғайбайұлы Сейтметов қазақ театр сахнасының негізін қалаушы, өмірін өнерге арнаған аңыз тұлға. Кіндік қаны тамған жері, түркі халқының рухани астанасы Түркістанда театр ашып, мәңгі тарихта қалды. Сонымен қатар, Ахмет Ясауи университетінде өнер бөлімін ашқан.

Қажыбек Бекбосынов – халық әндерін кәсіби орындаушы өнер қайраткері, ҚР халық әртісі. Мұхит, Ақан сері, Біржан, Әсет, Жаяу Мұса, Кенен Әзірбаев, Естай әндерін нахышына келтіре орындап, көпшіліктің жүрегінен орын алған. Өмірінің соңғы жылдарында шәкірт тәрбиелеп, еліміздің бірқатар оқу орындарында ұстаздық қызмет атқарды. Қажыбек Құдайбергенұлы дәстүрлі әншілер арасында өзінің бай репертуарымен көзге бірден түсетін, Жетісу, Арқа және Батыстың әндерін орындап, талай жүректі толқытқан, Үш жүздің басын қосқан Абылай хандай, үш жүздің ән мектебін бір жүрегіне сыйғызған.

Рахима Жубатурова – танымал әнші, ҚР Халық артисті. Қазақ опера және балет театрының лирико-драмалық сопрано әншісі, атақты Нәдия Шәріпова, Ирина Архипова, Тамара Милашкина, Фуат Мансуров, Белла Руденкодай ұстаздардан тәлім алған, өнер жолында талмай еңбек етіп, көптеген шығармаларда басты партияларды, соның ішінде Татьяна, Амелия, Тоска, Сара, Дана, Қамар сұлудың арияларын шырқап, бейнесін сомдаған.

Осылайша, үш алыптың, үш өнер тұлғасының өнегелі өмір жолын, өнерін, асқақ рухын жас ұрпаққа насихаттау барысында оқу ордамызда арнайы аудиториялар ашылып, құрмет көрсетілді.