«Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы атты» Халықаралық бейнеконференция өтті

Елбасы кітапханасында «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы атты» Халықаралық бейнеконференция өтті. Жиынға қазақстандық және шетелдік мемлекет қайраткерлері мен ғалымдар қатысты. Олардың қатарында Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев, Мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлова, Сыртқы істер министрінің орынбасары Ш. Нұрышев, Түркия Республикасы Президентінің кеңесшісі Я.Топчу, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің Бас хатшысы Б.Әміреев, Әзербайжан Республикасы Ұлттық Мәжілісінің депутаты, Әзербайжандағы Ататүрік орталығының төрағасы Н.Джафаров, Халықаралық Түркі академиясының президенті Д. Қыдырәлі, ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Б. Чакыджи , археолог З.Самашев, Мирзо Ұлықбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің «Философия және руханият негіздері» кафедрасының меңгерушісі Н.Шермухамедовалар бар.
Конференцияда сөз алған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова 2021 жылы 31 наурызда өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінің қорытынды декларациясы мен мемлекет басшыларының сөйлеген сөздері түркі әлемінің бірлігі жайында үлкен үміт пен сенім беретіндігін айтты. «Құрметті Елбасы Н.Назарбаевтың арманы мен құрметті президентіміз Қ.Тоқаевтың табанды әрекеттері мен Түркі Дүниесінің рухани астанасы болып жарияланған және облыс орталығы болған Түркістан қаласының түрленуі жолында университетімізге жоғары миссиялар артылуда. Бұл миссияның жүзеге асуы және Қ.А.Ясауи Халықаралық қазақ-түрік университетінің әлемдік университеттер қатарынан орын алатын сапада болуы ең биік мақсатымыз болмақ. Құрметті президент Реджеп Ердоғанның да университетімізді «Түркі дүниесінің мақтанышы» деп айтуы бізге зор мәртебе. Қазақстан Президенті өз сөзінде ортақ мәдени-ағартушылық кеңістік қалыптастырудың тиімділігіне назар аударды. Оны «Ұлы Түркілер» білім беру қорын құру арқылы жүзеге асыруға болатынын ескертті. Мемлекет басшысы бауырлас елдердің жастары үшін Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде бакалавриат бағдарламасы бойынша қазірші таңдағы 200 грантқа қосымша 50 грант «Ясауи стипендиясы» деп аталатын болады. Президентіміздің ғалам көз тіккен жиында Түркістан мен Ясауи университетінің осы Түркі Халықтар ынтымақтастығындағы орнына ерекше екпін беруі-маңызды стратегиялық қадам деп бағалаймын. Биылғы саммиттің басты жетістігі – халықаралық маңызы бар құжат Түркістан декларациясының қабылдануы. Осы орайда Елбасы бастаған, Түркі Кеңесіне мүше барлық президенттеріміздің қоштаған инициативаларды жүзеге асыру үшін Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті ғалымдары өзінің миссиясы мен жауапкершілігін терең сезінуде. Және түбі бір туыс халықтардың ортақ мүддесі мен өркендеуі үшін қызмет етуге дайын!»,- деді ректор өз сөзінде.
Елбасы кітапханасында өткен «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» халықаралық онлайн-конференциясы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы, Мәдениет және спорт министрлігі және Нұрсұлтан Назарбаев Қорының ұйытқы болуымен ұйымдастырылып отыр.
Конференция барысында 2021 жылғы 31 наурызда өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі бейресми саммитінің тарихи қорытындылары сараптамалық деңгейде талқыланды.
Іс-шараны Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат жүргізді.

Напишите свой вопрос

 

    ×