Түркология институтындағы қолжазбалардың ғылыми сипаттамасы жарыққа шықты

Түркология ғылыми-зерттеу институтының қолжазбалар қорында араб, парсы, шағатай тілдерінде жарық көрген литографиялық, типографиялық кітаптардың мол қоры жинақталған. Сонымен қатар ел ішінен жиналған қолжазбалық материалдар да сақталған. Институт базасында сақталған осындай қолжазбалардың ғылыми сипаттамасын дайындау ісін институт қызметкерлері бірнеше жылдан бері атқарып келеді. 2019 жылы Сипаттаманың І-ІІ томдары жарық көріп оқырманға жол тартқан болатын. Көне араб, парсы, шағатай кітаптары мен қазақ тілінде жазылған кітаптардың сипаттамасы жасалып, жинақтың ІІІ кітабы да жарыққа шықты. Кітап екі бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлім литографиялық және типографиялық кітаптарға арналса, екінші бөлімде қорда сақталған қолжазбаларға орын берілген. Жинақта «Қырық хадис», «Шариғат үкімдері», «Пайғамбар тарихы», «Миғраж» т.б. көптеген ХІХ ғасырда баспа бетін көрген діни кітаптардан өзге «Мың бір түн» ертегісі, пайғамбардың өмірі туралы діни қиссалар, сондай-ақ «Шұғыла», «Ислах» секілді журналдарда жарық көрген діни әңгімелер мен басқа да түрлі материалдар, сопылық бағыттағы әдебиеттер мен Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикметтері», С.Бақырғани кітабы, Сопы Аллаяр секілді кезінде Орта Азияға кеңінен тараған ақындардың да еңбектері бар. Шағатай тілінде жарық көрген еңбектер арасында «Шахнама» дастаны, қазақтың ХХ ғасырдың басында өмір сүрген тарихшысы Құрбанәлі Халидтің «Тауарих хамса» атты кітаптары да кездеседі.
Қолжазба күйінде сақталған материалдар ішінде батырлық жырлар, ертегі, айтыс, мысал жанрында шыққан өлеңдер, «аужар», «беташар» секілді ел ішінде айтылатын тұрмыс-салт жырлары мен халық ақындарының айтуы негізінде дүниеге келген фольклорлық мұралар өте көп кездеседі. Жиренше шешен, Алдар көсе, Тазша бала секілді халықтық кейіпкерлермен қатар Абайдың бұрын көпшілікке таныла қоймаған «Мүсәпір қиссасы» атты туындысы мен Мүрсейіттің қолжазбасы, А.Байтұрсынұлының «Маса» жинағы, Ш.Құдайбердіұлының «Қалқаман-Мамыр» дастаны, Майлықожаның діни қиссалары, Әмір Нәжіп, М.Тынышпаев секілді белгілі ғалымдардың жазған еңбектері де кездеседі.
Сондай-ақ халық аузынан жазып алынған «Алаңқай батыр», «Алақай батыр», «Ер Тарғын», «Қарға батыр», «Сәдібек» қиссасы, «Сабалақ», «Наурызбай батыр» секілді көптеген жырлар мен дастандарды, пайғамбарлар мен сахабалар жайлы жазылған діни қиссаларды осы қордан кездестіруге болады.
Қолда бар жәдігерлерге мұқият қарау, арабша, парсы, шағатайша жазылған еңбектердің сипаттамасын жазуда институт қызметкерлері талмай еңбектеніп келеді. Ұзақ жылғы еңбектің нәтижесінде ғылыми-зерттеу жұмыстары аяқталып, бірнеше кітапты қамтитын қолжазбалардың ғылыми сипаттамасы жасалды. Сипаттамаға енген бұл жәдігерлерді дәріптеу, рухани мұраларымызды насихаттау, құнды дүниелерді жарыққа шығарып отыру ісі институттың негізгі бағыты.

Түркология ғылыми-зерттеу институты

Напишите свой вопрос

 

    ×