Президент жолдауы – ел өркендеуі мен ұлт ұйысуының кепілі

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Президент жолдауы – ел өркендеуі мен ұлт ұйысуының кепілі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын талқылап, Мемлекет басшысының білім, тәрбие және жастар саясатына, сонымен қатар, ауыл шаруашылығын дамыту және халықаралық қатынастар мәселелеріне байланысты берген тапсырмаларына тоқталып, пікір алмасты.
Іс-шара Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Амангелдіқызының сөзімен басталды.
«Мемлекет басшысының кезекті Жолдауы еліміздің болашақ дамуы мен ертеңгі күнге бетбұрысын айқындап берді. Әсіресе, Президентіміздің жастар саясатына, білім беру жүйесі мен ғылыми әлеуетті арттыру мәселесіне қатысты айтқан сөздері мен берген тапсырмалары кезек күттірмейді. Біздің мақсат – ел басшысының болашаққа қойған жоспарларына қолдау білдіріп, өзімізге артылған міндетті жауапкершілікпен атқару», – деді ректор Жанар Амангелдіқызы.
Жиында университетіміздің Ректор Өкілі Женгиз Томар Жолдауда айтылған 7 бағытқа да тоқталып, пікірін білдірді. Әсіресе, сапалы білім беру және саяси жаңғыру мен адам құқығын қорғау мәселелеріне баса назар аударды.
«Сапалы білім беру арқылы сапалы адам қалыптастырамыз. Сондықтан Президенттің білім саласына айрықша көңіл бөлуі университетіміз үшін аса маңызды. Осы ретте, Жолдауда адам құқықтары мәселесі қамтылғаны көңіл қуантқанын да айта кеткенім жөн. Адам құқығы болмаса, ұлт қалыптаспайды. Ел дамуына демократияның күшімен ғана жете аламыз. Сонда ғана Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан берік негіз қаланады», – деді Женгиз Томар.
«Нұр-Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалының төраға орынбасары Бейсенбай Тәжібаев та өз ойын ортаға салып, Түркістан мен Халықаралық университеттің мүмкіндіктерін таразылады.
«Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында ауыл шаруашылығы мәселесіне ерекше мән берді. Бұл халық көп қоныстанған өңіріміз үшін үлкен мәнге ие. Түркістан облысы еліміз бойынша ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарда. Жаңа Жолдаудан кейін қарапайым халыққа тиімді жағдай жасалатыны анық. Оңтүстік аймақ бұл бағытта одан әрі қанат жаяды деп сенемін, ол үшін халықаралық университетің қолдауы керек», – деді Бейсенбай Тәжібаев.
Дөңгелек үстелде Түркістан облыстық мәслихаты депутаттары Ғалымжан Елшібай, Бекарыс Шойбеков сөз сөйлеп, профессорлар Хазіретәлі Тұрсын, Қалипа Тұрсынқызы, Булент Байрам баяндама оқыды.
Жиын соңында ректор Жанар Амангелдіқызы барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, айтылған пікірлер мен ұсыныстар аясында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Напишите свой вопрос

 

    ×