Алтынсарин академиясымен ынтымақтастық артады

Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы президенті Ғани Бейсембаев Түркістан облысына іс-сапары барысында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне ат басын бұрып, арнаулы мәжіліске қатысты.
Жиынға Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің басшылығы мен оқытушы-профессор құрамы және Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы, Түркістан облысының білім саласындағы бақылау департаменті, Дене шынықтыру департаменті, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы, облыстық оқу-әдістемелік орталығы басшылары қатысып, маңызды ойларын ортаға салды.
Университет ректоры Жанар Темірбекова келелі жиынды кіріспе сөзбен ашып, алқалы отырыста талқыланар тақырыптарды тарқатты.
Басқосуда еліміздегі білім беру саласы мен педагогикалық мамандықтар мәселесі, оқу жүйесіндегі өзгерістер сөз болды. Жиынға қатысушылар еліміздегі білім саласындағы реформаларға қатысты пікір білдіріп, өңірдегі түйткілді проблемаларды шешу жолдарын айтты.
Мәселен, Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысы Рахымбек Жолаев педагогтер мәртебесі мен еңбекақысы жөнінде келелі ой айтса, университетіміздің Теология факультетінің деканы Досай Кенжетай оқулықтардың жағдайына назар аударды.
Бұдан бөлек, оқушыларды үлкен өмірге дайындау, педагогтер этикасы, жалпы білім беру мекемелерінің бірлесіп жұмыс істеуі және ғылыми әлеуетті арттыру мәселелері қаралды.
Кездесуде ең көп көзғалған мәселелердің бірі – әдіскерлерді дайындау, қосымша білім беру саласына мән беру. Осы орайда, Ғани Бектайұлы университет ректоры Жанар Темірбековаға Әдістемелік орталық мамандарын магистратурада тегін оқыту үшін ықпалдастық жасауды ұсынды. Жанар Амангелдіқызы бұл бастаманы қолдайтынын жеткізді.
«Біздің университет серіктестік пен бірлесіп жұмыс істеуге әрқашан дайын. Жоғары білімді педагог мамандарды дайындауға да қауқарымыз жетеді. Қолдау қажет болса, Түркия Республикасымен де байланыс орната аламыз», – деді университет ректоры.
Жиын қорытындысы бойынша, Алтынсарин академиясы президенті Ғани Бейсембаев ең маңызды тақырыптарға тоқталды.
«Методикалық-әдістемелік жұмыс істеудің жол картасын әзірлеуіміз керек. Мектеп, колледж, қосымша білім беру мекемелері және ЖОО-на бірлесу механизмі керек. Білім саласын көтеру — ел экономикасын көтерумен тең. Сондықтан, бірге жұмыс істейік. Бірлескен ғылыми жобаларды іске асырайық. Бұдан бөлек,  қазақ мектептерінің мәселесі бар. Осыны қолға алу керек. Ата-әже институтын қайтару маңызды. Баланың бойына ар-ұждан, ұят, намыс сынды қасиеттерді сіңіру керекпіз. Осыған орай, мектептерде домбыраны қоңырау ретінде қолдануды ұсындық. Бүгінгі жиын қорытындысында, алдымызда мәдениетті, білімді дамыту және бірлесіп жұмыс істеу міндеті тұрғанын түсінейік», – деді Ғани Бектайұлы.

Напишите свой вопрос

 

    ×