Сарабдал саясаткер Бинали Йылдырым жаңа оқу жылымен құттықтады

Түркия Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері Бинали Йылдырым Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ұжымын, ұстаздар мен студенттерді 2021-2022 жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Түркия Республикасымен тікелей эфир арқылы байланысқа шығып, онлайн жүздесу ұйымдастырды.
Телекөпірге Түркия тарапынан – көрнекті саясаткер Бинали Йылдырым, Өкілетті Кеңес мүшесі, Түркия Республикасының Мәдениет және туризм вице-министрі Сердар Чам және Парламент депутаты Селва Чам, Өкілетті Кеңес Төрағасы Мухиттин Шимшек қатысты. Қазақстан тарапынан – Ректор Жанар Темірбекова, Ректор Өкілі Женгиз Томар, оқытушы-профессор құрамы мен студенттер қатысты.
Басқосу Өкілетті Кеңес Төрағасы Мухиттин Шимшектің кіріспе сөзімен басталды.
«Жаңа оқу жылы жақсы жаңалықтарға толы. Биыл дәстүрлі білім беру жүйесіне қайта ауыстық. Студенттеріміз университетімізге қайта оралды, жұмыс жанданды. Оқу жүйесінде де бірқатар өзгерістер болды. Соның ішінде, жаңа 2 факультет ашылғанын айта кетейік. Университет басшылығы шәкірттерге сапалы білім беру үшін барлық жолдарды қарастырып жатырмыз. Жаңа оқу жылы табысқа толы болады деп сенемін!» – деді Төраға.
Сонымен қатар, Өкілетті Кеңес Төрағасы өткен оқу жылы университетіміз қол жеткізген жетістіктерді атап өтіп, студенттерге берілетін мүмкіндік мен қолдау жоғары деңгейде екенін тілге тиек етті.
Түркия Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері Бинали Йылдырым Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ұжымы мен білімгерлерді жаңа оқу жылымен құттықтап, сәттілік тіледі.
«Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті – Қазақстан мен Түркия достығының нышаны. Екі ел арасындағы алтын көпір. Түркістанның тумасы, Түркі әлемінің қайраткері, Ислам дінінің өркендеуіне жол ашқан Ясауи бабамыздың тарихта алар орны ерекше. Оны бүкіл Түркі халықтары құрметтейді. Университетте де Қожа Ахмет Ясауи ілімі оқытылады. Бұл – түбі бір Түркі халықтарының басын біріктіреді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның осы бағыттағы еңбектері елеулі. Қос тарап та университетті дамыту үшін аянбай күш салып келеді. Тіпті, пандемияға байланысты орын алған дағдарыстық жағдайларға қарамастан, ынтымақтастық күшейе түсті. Карантин ешбірімізге оңай тимеді. Ұстаздар шәкірттерін, студенттер оқу аудиторияларын, құрдастарын сағынды. Бірақ, енді ол кез артта қалды. Ендеше, барша ұжымды және шәкірттерімізді жаңа оқу жылымен құттықтаймын!» – деді Бинали Йылдырым өз сөзінде.
Өкілетті Кеңес мүшесі Сердар Чам сөз алып, Халықаралық университетімізге жаңа оқу жылында табыс тіледі.
Өз кезегінде, оқу ордамыздың ректоры Жанар Амангелдіқызы мен Ректор Өкілі Женгиз Томар Бинали Йылдырым мырзаға алғыс айтып, университет ұжымы мен студенттердің ыстық сәлемін жеткізді.
Рәсімді қорытындылаған Өкілетті Кеңес Төрағасы Мухиттин Шимшек мәртебелі мейман Бинали Йылдырым мен Өкілетті Кеңес мүшесі Сердар Чамға зор алғыс білдірді. Сарабдал саясаткер Бинали Йылдырымның иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Напишите свой вопрос

 

    ×