Ғылыми бағдарлама қарқынды жүзеге асуда

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Археология ғылыми-зерттеу институты тарихи Сығанақ қалашығында зерттеу жүргізу үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті жариялаған 2021-2023 жылдарға арналған ғылыми зерттеулерді бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсына «Тарихи-мәдени мұра нысаны – ортағасырлық Сығанақ қалашығында кешенді археологиялық зерттеулер жүргізу» тақырыбымен гранттық жоба ұсынған болатын. Ұсынылған жоба мақұлданып, университетіміз мемлекет тарапынан берілетін жалпы қаржыландыру сомасы 145 миллион 800 мың теңгелік ғылыми бағдарламаны жүзеге асыруға қол жеткізді!
Ғылыми бағдарламаны жүзеге асыру және соған сәйкес қаржыландыру үш кезеңнен тұрады. Биылғы жылдың 15 қыркүйегінде басталып, 15 желтоқсанға дейін жалғасатын бірінші кезең аясындағы кешенді археологиялық зерттеулер қарқынды жүргізілуде.
Қазба жұмыстары 15 қыркүйекте басталды және 15 қарашада доғарылады. Ал, 16 қараша – 15 желтоқсан аралығында қаланың топографиялық жоспары, қазбаның жобалары түсіріледі, сонымен қатар ашылған нысандардың уақытша консервация, шатыр орнату жұмыстары жүргізіледі.
Археология ғылыми-зерттеу институтының директоры Көпжасар Жетібаев қалашық орнында жүріп жатқан зерттеу жұмыстарының барысымен таныстырды. Қазба жұмыстары бастау алған бір айға жуық мерзімде айтарлықтай меже еңсерілген.
Ауқымды ғылыми бағдарламаның мақсаты – тұрғын үй және қоғамдық кешендердің жоспары, қалашықтың құрылысы мен функцияналдық ерекшеліктері туралы жаңа деректер алу.
Іске асыру жолы: дрондар мен ғарыштық түсірілімдердің көмегімен қалашық аумағын зерделеу және талдау, құрылыс салу ерекшеліктерін (квартал, тұрғын үй, көше желісі, фортификация), қала функцияларын (әкімшілік, қолөнер, сауда, ауыл-шаруашылық, мәдени идеологиялық) зерделеу.
Күтілетін нәтиже: тұрғын үй кешендерінің, магистральдық көшелердің және махалля көшелер жүйелерінің планиграфиясы туралы жаңа деректер алынады, бұл – ежелгі қалалық орталықтарының функциялануы жайлы түсінігімізді айтарлықтай кеңейтеді.
Айта кетерлігі, университетіміз тарихи Сығанақ қалашығының орнында 2003 жылдан бері археологиялық зерттеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.
Сығанақ – өз дәуірінде гүлденген өркениет пен мәдениет орталығы болған тарихи қалашық. Мемлекетіміздің тамырлы тарихында өзіндік орны бар қалашық – саяси орталық ретінде де белгілі. Халықаралық университетіміз тарихтың ізімен ғылыми жұмыстарды кешенді түрде жүзеге асырып отыр.

Напишите свой вопрос

 

    ×