Университетімізде Бас мүфти қонақ болды

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қонақ болды.
Бас мүфти бастаған мәртебелі меймандар «Ясауи» ғылыми-зерттеу орталығы жұмыстарымен, жарық көрген ғылыми еңбектер, кітаптар мен басылымдармен танысты. Университетімізде жаңадан ашылған «Теология» факультетінде өтетін пәндер барысы және бағдарламаларынан хабардар болып, дәріске қатысып, студенттермен сұхбаттасты.
Дінбасы университет кітапханасымен танысып, құрметті қонақтардың лебіз кітабына қолтаңба қалдырды.
Сонымен қатар, Наурызбай қажы Тағанұлы университет басшыларымен, оқытушы-профессорлармен және студенттермен кездесті. Жиынды кіріспе сөзбен бастаған ректор Жанар Темірбекова университет пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арасындағы ынтымақтастық беки түсетініне сенім білдірді.
«Түркілердің діни ұстазы – Қожа Ахмет Ясауидің мирасын кеңінен насихаттау мақсатында биылғы оқу жылында университетіміз «Теология» факультетін құрды. Басты мақсатымыз – зайырлы мемлекет ішіндегі Исламды және оның басқару жолдарының концепциясын қалыптастыру. Қазір Ислам дініне байланысты қоғамда түрлі стереотиптер, теріс түсініктер, жастарды бұрыс жолға бағыттап, радикализмге жол ашатын ұйымдар көбейді. Біз осындай әрекеттермен күресу үшін «Теология» факультетін ашуға шешім қабылдадық. Факультет – Қазақстандағы діни білім беретін бірегей жүйеге айналады. Университетіміздің жаңа бастамасына Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы да қолдау көрсетеді деп сенеміз!», – деді Жанар Амангелдіқызы.
Өз кезегінде, Дінбасы Наурызбай қажы Тағанұлы бірлесіп жұмыс істеуге әрқашан дайын екенін мәлімдеді. Ел игілігі мен тыныштығы үшін сауатты дін мамандарын дайындауға қолдау көрсететінін атап өтті.
Бұдан бөлек, Наурызбай қажы Тағанұлы тағылымды баяндама оқып, ғибратты әңгімелер айтты. Бас мүфти Діни басқарманың жеті бірдей жұмыс бағытын саралап, сөз сабақтады. Ихсан турасында тарқата түсінік берді.

Жиында «Ясауи» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрлан Мансұровтың «Ислам дініндегі діни атақ-лауазымдар» кітабының тұсаукесері өтті. Бас мүфти бұл кітаптың маңызын тілге тиек етті.
Кездесу қорытындысында Бас мүфти университет жұмысына табыс тілеп, ізгі тілегін жеткізді.

Напишите свой вопрос

 

    ×