УНИВЕРСИТЕТІМІЗДЕ ТҮРІК КЕҢЕСІ ТҮРКІ УНИВЕРСИТЕТТЕР ОДАҒЫНЫҢ 5-ШІ БАС АССАМБЛЕЯСЫ ӨТТІ

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Түрік Кеңесі Түркі әлемі университеттер Одағының V Бас Ассамблеясы өтті.
Жиынға Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Венгрия елдеріндегі 32 университеттің ректорлары, ғалымдары мен студенттері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері, дипломаттар, эксперттер, қоғам және мәдениет қайраткерлері қатысты.
Мәжіліс Түрік Кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев, Бас хатшының орынбасары Өмер Кожаман, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Өкілетті Кеңесінің төрағасы, профессор Мухиттин Шимшек және университет ректоры Жанар Темірбекованың құттықтау сөзімен басталды.
Ассамблеяда сөз алған Түрік Кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев жаһанды жаулаған пандемиядан кейін қайта бас қосқан жиын қатысушыларына сәттілік тілеп, шараның жалпы Түркі қоғамындағы маңызын тілге тиек етті.
«Түркістан – Түркі цивилизациясының бесігі. Жыл сайын болатын жиын пандемияға байланысты біраз уақыт тоқтап қалды. Ал бүгін бүкіл Түркі мемлекеттерінен университет ректорлары бас қосып отырмыз, білім саласындағы өзекті мәселелерді талқылаймыз. Нәтижелі жиын болады деген сеніміміз мол!», – деді Түрік Кеңесінің Бас хатшысы.
Жиын барысында «Орхун» ұтқырлық бағдарламасының мәселелері және оны дамытуға қатысты нақты қадамдар қарастырылды. Мүше университеттер бағдарлама аясында жүзеге асқан жобалар бойынша есеп берді.
Алқалы жиында Халықаралық университетіміздің Түркі әлемі университеттері Одағына төрағалық кезеңі бойынша есеп беріліп, қарымды қызмет жоғары баға алды.
Сонымен қатар, мәжіліске қатысушылар Студенттік Кеңес тарапынан атқарылған іс-шараларды талқылап, 2021-2022 жылдарға арналған «Жол картасын» әзірлеу үшін ой-пікірлерін ортаға салды.
V Бас Ассамблея мәжілісінде Түркі әлемі университеттері Одағына жаңадан Өзбекстан Республикасынан – 4, Қырғызстан Республикасынан – 2, Қазақстаннан – 1 университеттің мүшелігі ресми түрде бекітілді.
Шара соңында 2018 – 2021 жылдар аралығында артылған міндетті абыроймен атқарған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің тағы бір жыл төрағалық етуіне шешім қабылданды.
Айта кетейік, Түрік Кеңесі Түркі әлемі университеттер Одағы 2013 жылы құрылған. Қазіргі таңда Одаққа Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Венгрия елдерінен 40-тан астам университет мүше.

Напишите свой вопрос

 

    ×