Шәкіртімізге «Түркістан Аруы – 2021» байқауының тәжі табыс етілді

«Түркістан Аруы – 2021» байқауының жеңімпазы, студентіміз Сұлтанбибі Шахапованы марапаттау рәсімі өтті.
Университетіміздің Спорт және өнер факультеті «Сән өнері» мамандығының 3 курс студенті Сұлтанбибі Шахапова қазан айының басында өткен «Түркістан Аруы – 2021» байқауында үздік деп танылған еді. Бүгін сұлулық конкурсының жеңімпазын салтанатты түрде марапаттады.
Шарада сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, университетіміздің вице-ректоры Асқар Тұрғанбаев Сұлтанбибіні жеңісімен құттықтап, «Қазақстан Аруы» ұлттық конкурсында сәтті өнер көрсетуіне тілектестік білдірді.
Марапаттау рәсімінде Сұлтанбибі Шахаповаға жеңімпаз Тәжі мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Вице-ректор Асқар Әбдуалиұлы облыста топ жарған ару студентімізге университет атынан қаржылай сыйлықтың сертификатын тарту етті.
Айта кетейік, пандемия жағдайына байланысты «Түркістан Аруы» байқауы биыл алғаш рет онлайн форматта өтті. Конкурста 10 ару бақ сынап, шәкіртіміз Сұлтанбибі Шахапова жеңімпаз атанған еді. Енді аруымыз «Қазақстан Аруы» ұлттық конкурсына қатысады.

Напишите свой вопрос

 

    ×