Университетімізге Түркия Конституциялық Сотының төрағасы келді

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне Түркия Республикасы Конституциялық Сотының төрағасы Зухту Арслан мен Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Аппарат басшысы Бақыт Нұрмұханов бастаған бір топ қонақ арнайы іс-сапармен келді.
Мәртебелі меймандарды университет ректоры Жанар Темірбекова, ректор өкілі Женгиз Томар, вице-ректорлар мен оқытушы-профессорлар құрамы қарсы алды.
Қонақтар алдымен оқу ордамыздың тарихымен танысып, мұражайын аралады және лебіздер кітабына қолтаңбасын қалдырды.
Одан әрі тараптар университет студенттерімен кездесті. Түркия Республикасы Конституциялық Сотының төрағасы Зухту Арслан жиналған жұртшылыққа құқық және заң саласының маңызын түсіндіріп, құнды ақпараттар айтты. Сонымен қатар, ол Ислам мен Түркі дүниесіндегі «әділет» ұғымының маңызына тоқталды. Өз сөзінде Қожа Ахмет Ясауи мен Абай Құнанбаевтың ұстанымдары мен құндылықтарын негізге алды.
Түркия Конституциялық Сотының төрағасы екі ел арасындағы ынтымақтасттық пен достық қарым-қатынастың  дами түсетініне сенім білдірді. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, ақ тілегін жеткізді.
Университет басшылығы құрметті қонаққа қазақша шапан жауып, естелік сыйлық табыстады.
Кездесудің ұйымдастырылуына тікелей себепкер болған Қазақстан Конституциялық Кеңесінің Аппарат басшысы Бақыт Нұрмұханов та сөз алып, оқу ордамыздың ұжымына өзара серіктестік үшін алғысын айтты. Бақыт Нұрмұханов университеттің Ата Заңымыздың ықпалын арттыру жолындағы жұмысына жоғары баға беріп, ректор Жанар Амангелдіқызын «Конституциялық заңдылықты нығайтуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттады.
Өз кезегінде, ректор Жанар Темірбекова мен ректор өкілі Женгиз Томар бүгінгі басқосудың тарихи маңызын атап өтіп, қонақтарға ризашылығын білдірді.
Жиын соңында Түркия Республикасы Конституциялық Сотының төрағасы Зухту Арслан «Төрағалар аллеясына» барып, ағаш отырғызды.

Напишите свой вопрос

 

    ×