Жетістік иелері ынталандыру сыйақылармен марапатталды

Ахмет Ясауи университетінде жаңа жыл қарсаңында ұжымның өткен жылдағы жетістіктері қорытындыланды. Нәтижесінде, 2020-2021 оқу жылы қорытындысында жоғары рейтингтік көрсеткіштерге ие болған факультет декандары, кафедра меңгерушілері, ғылыми-зерттеу институты директоры 300 мың, 250 мың, 200 мың теңге мөлшерінде бір реттік қаржылай сыйақымен марапатталды. Олар: Мемлекеттік басқару және экономика жоғары мектебінің деканы қызметін атқарған Момбекова Гулмира Райбекқызы, Жаратылыстану факультетінің деканы Баканов Ғалитдин Баканұлы, Спорт және Өнер факультетінің деканы Абусейтов Бекахмет Зайнидинұлы, Математика кафедрасының меңгерушісі Қошанова Майра Данибекқызы, Дене мәдениеті кафедрасының меңгерушісі Ақназаров Серік Баянқұлұлы, Қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі Жылқыбай Гүлімжан Қызметқызы, Археология ғылыми-зерттеу институтының директоры Жетібаев Көпжасар Мұстафаұлы.
Сонымен қатар, Ахмет Ясауи университетінің 2020-2021 оқу жылы қорытындысында жоғары рейтингтік көрсеткіштерге ие болған ТОП 100 ОПҚ мен қызметкерлер қаржылай сыйақымен ынталандырылды. Ғылыми-зерттеулер, академиялық және мәдени-тәрбие бағыттары бойынша үздік шыққан алғашқы жүз оқытушыларымыз 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап он ай бойы үстеме сыйақымен қаржыландырылады. Аталған оқытушылар рейтинг көрсеткіштері бойынша төрт деңгейге бөлініп, негізгі еңбек жалақыларына ай сайын 100 мың, 60 мың, 50 мың және 40 мың теңге мөлшерінде сыйақы қосылды.
Университеттің Стратегиялық жоспарында көзделген білім сапасын арттыру, халықаралық бәсекелестікке төзімді мамандар дайындау және ғылыми жұмыстар сапасын арттыру жөнінен қызметкерлердің потенциалын максимальды сарқа пайдалану мақсатында, бұл рейтингте оқытушы-профессорлар құрамы мен ғылыми қызметкерлердің еңбектері жоғарыда аталған үш бағыт бойынша ескерілді. Оқытушылардың ішкі рейтинг көрсеткіштерін университеттің ip.ayu.edu.kz ақпараттық базасы арқылы анықтауды Стратегиялық даму, рейтинг және сапа орталығы іске асырды, ал ынталандыру шараларына ұсыну университет басшылығы тарапынан құрылған ішкі рейтинг комиссиясы арқылы жүргізілді.
Баршаңызға шығармашылық жетістіктер мен оң нәтижелер тілейміз! Оқу ордамыздың ішкі және сыртқы рейтингтік көрсеткіштерін одан әрі арттыруға үлес қоса беріңіздер!

Стратегиялық даму, рейтинг және сапа орталығы

Напишите свой вопрос

 

    ×