Түркология институтында «Қазақ әдебиетіндегі мемлекет ұғымы» атты конференция өтті

Ахмет Ясауи университеті Түркология ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен «Қазақ әдебиетіндегі мемлекет ұғымы» тақырыбында конференция өтті. Конференцияда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Ph доктор А. Ахметова баяндама жасады.
Баяндамашы отандық әдебиеттануда «Мәңгілік ел» ұғымы көркем идея, түсінік ретінде зерттелгенімен, концепт ретінде бұрын қарастырылмағанын айта келіп, ХХІ ғасырдағы (2000-2015 жж.) қазақ романындағы «Мәңгілік ел» концепті жайын сөз етті. Қазақ әдебиетінде
«Мәңгілік ел» концептінің өзегінде қарастырылатын алғашқы көркем түсініктер көне түркілер дәуірінің дүниетанымдық ақыл-ой жүйесі мен құндылықтары таңбаланған «Білге қаған», «Тоныкөк» және «Күлтегін» жазба ескерткіштер мәтінінде кездеседі. Одан кейінгі дәуірлердегі қазақ сөз өнерінде «Мәңгілік ел» концептінің тікелей осы атауы сирек көрінгенімен, аталған концепті өзегінде интерпретацияланатын көркемдік түркілік және ұлттық құндылықтық бояуы басым ұғымдар мен когнитивтік-авторлық құрылымдар мол ұшырасатынын айтып өтті. Сонымен қатар «Мәңгілік ел» концепті баса көрінетін ХХІ ғасырдағы қазақ романдарының ішінде Қ.Мұқанбетқалидың «Тар кезең», Д.Досжанның «Ақ орда», Ә.Таразидің «Мұстафа Шоқай», Б.Нұржекеұлының «Әй, дүние-ай», Т.Зәкенұлының «Мәңгітас» және Н.Қуантайұлының «Қараөзек» романдарын тарихи
тақырыпта жазылған туындылар дискурсынан қарастыру нәтижелі әрі нақты
ғылыми тұжырымдар жасауға мүмкіндік беретінін салыстырмалы талдаулар арқылы жеткізді.
Баяндама барысында қазақ әдебиетіндегі «мемлекет» ұғымының тақырыптық тұрғыдан кең сипатталуы конференцияға қатысушылардың қызығушылығын арттырып, бірнеше сұрақтарға жалғасты. Конференция соңында Түркология ҒЗИ директоры, профессор Бүлент Байрам әдебиеттегі мемлекет ұғымы ғасырдан ғасырға жалғасатын мәңгілік тақырып екенін айта келіп, зерттеулерімен бөліскен Ахметова Айнұр ханымға қатысушылар тарапынан және Университет атынан өз алғысын айтты.

Түркология ғылыми-зерттеу институты

Напишите свой вопрос

 

    ×