
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің бітіруші курс студенттеріне арналған мәжіліс өтті. Басқосуға университет басшылығы, бітіруші курс студенттері және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің жетекшілері мен облыстық бірнеше басқарманың өкілдері қатысты.
Мәжілісті университетіміздің Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Асқар Әбдуәлиұлы Тұрғанбаев кіріспе сөзбен ашып, бүгінгі жиынның маңыздылығын атап өтті. Вице-ректор бітіруші курс студенттеріне кәсіби бағдар беріп, түлектердің жұмысқа орналасауына жан-жақты көмек беру мәселесінің әрқашан назарда тұратынын жеткізді. Осы мақсатта ұйымдастырылған мәжіліске арнайы келген сала мамандарына алғыс білдірді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Өркен Балажанов, Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Динара Бегалықызы және облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Тукибаев пен облыстық қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Нұркен Аралбеков сөз сөйлеп, түлектердің жұмысқа орналасуына қатысты жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы туралы мәлімет берілді.
Мәжіліс барысында бітіруші курс студенттері департамент пен басқарма өкілдеріне сұрақтарын қойып, мамандардың пікірлерін тыңдады.