Ерлікке тағзым шарасы өтті

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Ұлы Жеңіс күні мерекесі мен халқымыздың қаһарман қызы Мәншүк Жиенғалиқызы Мәметованың 100 жылдығына арналған тағзым шарасы өтті. Түркістан қаласындағы М.Мәметова атындағы №6 жалпы орта мектеп ұжымымен бірлесіп ұйымдастырылған еске алу шарасына университет басшылығы, оқытушы-профессорлар құрамы мен қаланың зиялы қауым өкілдері және жастар қатысты.
Кеңестер Одағының Батыры, қазақтың қайсар қызын ұлықтау шарасы Мәжит Бегалиннің «Мәншүк туралы дастан» көркем фильмінен үзінді тамашалау және батырдың өмірінен сыр шертетін сахналық көрініспен басталды. Отан қорғау жолында жан қиған құрбандарды бір минут үнсіздікпен еске алу рәсімі орындалды.
Университетіміздің Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Асқар Әбдуәлиұлы Тұрғанбаев сөз сөйлеп, Ұлы Отан соғысының адамзат тарихындағы ең қанқұйлы соғыс болғандығын атап өтті. Ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдарында ерлермен қатар аналар да барлық ауыртпалықты көтергенін тілге тиек етті. Вице-ректор Мәншүк тұлғасы арқылы жас ұрпақты отаншылдық сезімге баули беретінімізді жеткізді.
Түркістан қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова Мәншүкті ардақтау – халқымызды қастерлеу екенін атап өтіп, бүгінгі шараның маңызына тоқталды.
Тағзым кешінде Мәншүк батырдың ғұмыры мен өшпес ерлік жолын баяндайтын сахналық көріністер назарға ұсынылды және батырға арналған әндер шырқалып, жыр оқылды.

Напишите свой вопрос

 

    ×