«Түркі халықтарының зияткерлік ойындары» орталығының тұсауы кесілді!

«Түркі халықтарының зияткерлік ойындары» орталығы түркі әлеміндегі тұңғыш жоба ретінде университетіміздің қабырғасында ашылып, тұсауы кесілді.
Орталықтың мақсаты — түркі халықтарының зияткерлік ойындарын жастарға насихаттап, түбі бір түркі жұртының мәдениетін таныту, дамыту.
«Түркі халықтарының зияткерлік ойындары» орталығының ашылу салтанатына Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Алихан Байменов, вице-президенті Мақсат Шотаев арнайы келді.
Орталықтың ашылу рәсімін ректор Жанар Темірбекова құттықтау сөзімен ашты. Ректор «Түркі халықтарының зияткерлік ойындары» орталығының Түркі әлеміндегі тұңғыш жоба ретінде біздің университетіміздің қабырғасында ашылып отырғанын айрықша атап өтті. Жанар Амангелдіқызы 30 жобаның бірі ретінде ашылған жаңа орталықтың тұтас Түркі әлемінің зияткерлік ойындарының ұстаханасына айналатынына сенім білдіре отырып, қазіргі таңда ұлттық ойындарымызды жаңғыртуға мүмкіндіктің мол екендігін жеткізді. Оқу ордамызға қолдау білдіріп келген ұлттық ойын жанашырлары мен қонақтарға алғысын білдірді.
Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Алихан Байменов ұлттық ойындардың маңыздылығына тоқталып, орталықтың ісіне сәттілік тіледі.
Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы атынан орталыққа кітаптар мен тоғызқұмалақ тақтасын сыйға тартты.
Орталықтың ашылу рәсімінен кейін, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Алихан Байменов пен университет ректоры Жанар Темірбекова ынтымақтастық келісім шартына қол қойды.
Орталық ауқымды жобаның бастамасы ретінде тоғызқұмалақ, мангала және бестемше сынды ойын түрлерін қамтитын болады. Алдағы уақытта ойын түрлерінің саны артып, Түркі әлемінің барлық зияткерлік ойындарын қамту көзделуде. Ұзақ жылдардан бері студенттерге тоғызқұмалақ ойындарын насихаттап, дамытып жүрген Теология факультетінің оқытушысы, тоғызқұмалақ шебері Қашымхан Дәуренқұлов жетекшілік етеді.
Оқу ордамыздың білімгерлері бұл жобаны ыстық ықыласпен қабыл алды.

Напишите свой вопрос

 

    ×